Рамазан - мейірім айы!

gallery/1435337774_facebook
gallery/1435337799_twitter
gallery/logo 3

Бүгінгі сіздермен бірге атқаратын амалымыз шариғатымыз қызықтыратын, әрі дәл осы уақыттарда көпшілік адамдар оның маңыздылығын ескермей, ғапылдықта жүрген сауапты іс – көршіге жақсылық жасау. Егер жаныңыздағы жапсарлас көршіңізбен жақсы қарым-қатынаста болсаңыз Алла тағаланың құзырында ұлы сыйға кенелеріңіз ақиқат.

Ойланшы, бауырым! Өзіңнен бірнеше үй алшақ тұратын көршілеріңді емес, дәл үйіңнің қабырғасына жанаса орналасқан көршіңді соңғы мәрте қай кезде зиярат еттің? Немесе ол сені қай кезде зиярат етті? Көршіңнің хал-ахуалдарын білейін деп, бала-шағасы туралы, жағдайлары туралы соңғы рет қай күнгі басқосуларыңызда сұрадыңыз? Жалпы, сіздер аман-саулық сұрасып тұрасыздар ма?

Білесің бе, бауырым?! Әлемдердің Раббысы Алла тағала Жебірейілді (ғ.с.) Мұхаммадқа (с.ғ.с.) жіберіп көршіге жақсылық жасауды өсиет еткізеді. Жебірейіл (ғ.с.) осы Алланың әмірін бірнеше мәрте келіп өсиет еткені соншалықты, ардақты Алла елшісі (с.ғ.с.) өзінің хадисінде: «Көршім мен дүниеден өткеннен кейін мирасқор болатын шығар деп ойладым», – дейді. Яғни, көршінің бір-біріне деген ақыларының соншалықты тапсырылғандығынан адам дүниеден өткеннен кейінгі әкесі, анасы, балаларының арасында мирас бөлінген сәтте көршілеріме де берілуі міндетті болғаны ма деп ойлағандығын Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) хадисінде жеткізген.

Егер көрші өз көршісіне зұлымдық жасайтын болса, зұлымдық жасаушыға жәннат харам болады. Яғни, бір адам қабырғалас көршілерінің ақысына кіріп, зұлымдық жасағаны себепті жәһәннамға кіргізілуі мүмкін.

Назар аударшы бауырым! Ардақты Алла елшісінің (с.ғ.с.) яһуди көршісі болатын. Бір күні сол көршісінің баласы ауырып жатқандығы туралы хабар жеткен соң, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) оны зиярат етеді.

Жалпы, үш түрлі деңгейдегі көршілер болады. Біріншісі, жақын мүмін көршіңіз. Яғни, ағайыныңыз, туғаныңыз, ағаңыз секілді бауыр көрші. Олармен қарым-қатынасыңызда бір-бірлеріңізге деген үш түрлі міндеттеріңіз бар. Туысқандық, көршілік және Ислам (дін бауырластығы). Ал, енді туысқан емес мұсылман көршіңізбен екі хаққы бар. Көршілік және Ислам.

Ал мұсылман емес көршіңізбен араңызда да бір хаққы бар өтелетін. Ол – көршілік ақысы.

Құрметті бауырым! Мұсылман болсын, мұсылман болмасын бәрібір, өз көршілеріңізге тарауық намазынан алдын немесе намаздан кейін арнайы зиярат жасауды немесе оларға сыйлық жасау туралы ойландыңыз ба?! Тіпті, ол сыйлығыңыз азғантай тамақ болса да, мейлі.

Бауырым! Бұрынғы ата-бабаларымыз хадиске амал етіп көршілерімен тамақтарын бөлісіп жүретін. Бүгін ондай жандар саусақпен санарлық қана. Сіз соның ішінде барсыз ба? Ең болмағанда үйіңізде жақсылап тамақ әзірлеп, сосын бір бөлігін алып көршіңіздің үйіне зиярат жасап, олармен бөліссеңіз қандай керемет іс атқарған болар едіңіз. Бұл Рамазан айы, нағыз осындай амалдарды үздіксіз атқаратын сәт.

Бауырым! Мүмкін сіз айтарсыз: «Ой менің көршім өте бай, ауқатты. Менің тамағыма, сыйлығыма назар аудармайды», – деп. Десек те, оның байлығы сізді көршіңізге жақсылық жасап, азғантай сыйлық немесе тамақ әзірлеп ұсынудан тыймауы керек. Мұның барлығы жүректерді бір-біріне байлау үшін.

Бір күні үйіңізге қонақ шақырып дастархан жайған болсаңыз, сол қонақтарыңыздың арасында көршіңіздің отыруы лайықтырақ. Неге? Себебі, сол көршіңізге күніңіз қарайтын сәт келуі мүмкін. «Мен көршіме мұқтаж емеспін», – десеңіз, жалған айтасыз. Мәселен, Сіз бір жаққа сапар шеккен кезіңізде үйіңіздің амандығына қарап отыру үшін көршіңізге мұқтаж боласыз. Сондай-ақ, сіз жұмыста жүрген кезіңізде немесе әйтеуір сіз үйде болмаған сәтте ойламаған жерден өрт шықса, су тасқыны болса, жер сілкінсе үйіңізде қалған бала-шағаңызды, қартайған ата-анаңызды қираған, өртенген үй ішінен алып шығуға ең бірінші кім ұмтылады? Әлбетте, көршіңіз! Анау алыстағы туған-туыстарыңыз емес. Әрине, жапсарлас орналасқан көршіңіз көмекке бірінші жүгірері ақиқат. Мінекей, бауырым, ойланыңыз! Көршіңізге жақсылық жасаудан сізді ешнәрсе тоспасын.

Егер көршіңіз намаз оқымаса, онда оларды зиярат етіңіз. Сонан соң, хал-ахуалдарын біліп, әңгімелесіп, әкелген сыйлықтарыңызды ұсынып, қайтар сәтіңізде: «Мен мешітке бара жатыр едім, жүріңіз бірге барайық», – деңіз. Осылай әрдайым жасап тұрған болсаңыз, бір күн ұялар, екі күн ұялар күндердің күнінде сізден бұрын мешітке асыққанын көресіз.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) яһуди көршісіне дұға еткен еді, соңғы сәттеріне жақындағанда иман етті. Не үшін осылай жасауың керектігін білесің бе?! Себебі, ол сенің көршің!

Түнгі намазыңызда, яғни тарауық намазынан кейін алақандарыңызды жайып, қолыңызды көкке көтеріп көршіңіз үшін дұға жасадыңыз ба? Ең болмағанда анаңыз, әкеңіз, балаларыңыз, жұбайыңыз осылай жасай ма? Бауырым! Ойлан! Көршіңнің сізде ақысы бар. Егер көршіңіз салиқалы болса, сіздің себебіңізбен жан-жағыңыздағы баршасы салиқалылыққа қадам жасаса, балаларыңызды қорықпай оларға аманттап тапсырып кете аласыз ғой. Тіпті, жұбайыңызға да қарайласып тұруын қорықпай аманаттай аласыз емес пе?!

Ойланыңызшы! Намаз уақыты келген сәтте бүкіл көршілеріңіз мешітке қарай ағылып бара жатса, сіз де арасындасыз. Қандай бақыт бауырым!

Әнәс ибн Мәлик (р.а.) жеткізген хадисте: «Егер сорпа тамақ пісіріп жатқан болсаң, суын көптеу құй да, көршілеріңе ұсын», – деген. Яғни, тамақ істеп жатқан сәтіңізде кішкене көбірек жасаңыз да, көршілеріңізді шақырыңыз немесе апарып беріңіз. Міне, көршіге жақсылық жасау осылай басталады.

Құрметті бауырым! Жәннат жаныңызда жүр. Сол жәннаттан қол үзіп қалмаңыз. Көршіге жақсылық жасауды кешіктірмеңіз. Дәл қазір осы мақаланы оқып болған бойдан орныңыздан тұрыңыз да, берер сыйлығыңыз болмаса да көршіңізді зиярат етіңіз. Хал-жағдайларын сұрап, сәлемдесіңіз. Ал, алдағы уақытта сыйлық жасауды да естен шығармаңыз.

Алла тағала жақсылықтарыңызды арттырып, ені көктер мен жердей болатын жәннатты тағдыр етсін Сізге!

Көршіңізге жақсылық жасауға асық! Себебі көршің саған қандай баға берсе, сен сондайсың!

Үшінші күннің амалы:

gallery/etika_vzaimootnosheniy00