Рамазан - мейірім айы!

gallery/1435337774_facebook
gallery/1435337799_twitter
gallery/logo 3

Мұқтаждарды тамақтандыруға асық!

Төртінші күннің амалы:

gallery/fitre-nedir-ne-zaman-ve-kimlere-verilir-139787

Бүгін сіздермен өте маңызды болған амал жайлы сөз қозғамақпыз, бауырлар! Бұл амалды Алла елшісі ﷺ пайғамбарлығының алғашқы сәттерінен-ақ бастаған еді. Пайғамбарымыз ﷺ адамдарға деген мейірімін қараңызшы! Өзінде ешнәрсе болмаса да міскіндер мен пақырларды тамақтандыруға қатты асығатын. Міскінді тамақтандыру Алла елшісі ﷺ, оның отбасы, сахабалары үшін әдетке айналды. Мұқтаж кісі көріне қалса болды, оны құр қол қайтармайтын. Әйтеуір қолына бірнәрсе ұстатып жіберетін еді.

وَيُطْعِمُونَ الطَّعَامَ عَلَىٰ حُبِّهِ مِسْكِينًا وَيَتِيمًا وَأَسِيرًا

«Тамақты жақсы көре тұра міскінге, жетімге және тұтқынға жегізеді»[1]

  Жақсы көре тұра дегеніміз – өзім қатты қалап тұрған, сүйікті тағамдарымнан болғанды міскінді көре қалсам соған бере салу. Сенде ауызашар кезінде тағамның түр-түрі болуы мүмкін. Соның ішінде күнделікті тұтынатының бар және кейде ғана сүйсініп жейтін тағам да бар. Соның арасынан өзің қатты жақсы көретінін міскінге, пақырға, кедейге беріп жібергендерді Алла тағала жоғарыда келген аятында мақтап жатыр.

  Абдулла Ибн Омардың (Алла одан разы болсын) сүйікті тағамдарының бірі (سُكَّرٌ)  еді. Олардың кезінде бұл тағамның бағасы қымбат болатын. Біздің кезімізде анда-санда бір жеп қалатын тағам түріне секілді. Ибн Омарға кедей біреу келе қалса болғаны ең сүйіктісін беріп жіберетін еді.

  Алдыңғы буында өткен игі жандардың бірі аузы берік еді. Ауызашардың уақыты жақындағанда алдына тағам әкелінеді. Сол сәтте сырттан пақырдың дауысы естіледі. Ол: «Кім бар Аллаға қарыз беретін? Кім бар Аллаға қарыз беретін?»,-деп жар салады. Әлгі ауыз ашқалы отырған кісі қызметшісін шақырып, сырттан даусы шығып жатқан адам жайлы сұрайды. Қызметшісі сырттағы адамның пақыр, кедей екенін жеткізеді. Сол кезде игі жан қызметшіге алдындағы тұрған тағамның барлығын әлгі пақырға апарып беруін бұйырады.

  Бауырым! Сенен тағамыңның барлығын апарып беруді талап етпейміз. Кем дегенде жартысын болса да апарып бер мұқтажға. Ол ондай тағамды ешқашан жемеген болуы мүмкін. Ал сен оның жүрегіне қуаныш сыйлауыңа зор мүмкіндік туып тұрған сәтте мақрұм қалма!

  Рамазан кезінде бала-шағаңды да ізгі амалға тәрбиелегің келсе, дүкенге бала-шағаңды ертіп ал да, азық-түлік сатып ал. Сатып алған заттарыңды мұқтаж адамға барып, бала-шағаңның көзінше табыста. Күмәнің болмасын бұл сәтті бала-шағаң ешқашан ұмытпайды. Ертең олар да сауапты іске асығатын болады. Ізгі амалды бүгіннен баста! Ертеңге қалдырма, бауырым!

Бүгінгі күніңді «ТАҒАМ ТАРАТУ КҮНІ» деп белгілеп ал. Тағамды әр мұқтажға таратып жүргенде, мынадан басқаны ойлама һәм ішіңнен осы аятты қайталап жүріп тарат, басқа нәрсе ойлама. Есіңде ұстап жүретін аяттарыңыз:

«Һәм оларға: «Біз сендерді тек Алла разылығы үшін тамақтандырудамыз. Бұл жақсылығымыз үшін сендерден ешқандай қарымта да, алғыс та күтпейміз». «Шүбәсіз, Біз адамның түрін қашырып, қабағына кірбің түсіретін алапатты күн туғанда Раббымыздың жазасына ұшыраудан қорқамыз», – дейді. Алла оларды сол күннің кесапатынан сақтайды һәм де оларды жүздері бал-бұл жанған, шат-шадыман күйде қабылдайды», – деген ескертулері мен сүйіншілері.

Рамазанның белгілі күндерін алдын-ала бекітіп, тағайындап қой. Осы сауапты амалға отбасыңды, жанұяңды да үйрет. Ауызашардың белгілі күндерін пақырларға арна. Дастарханыңнан солар ауыз тисін. Себебі, Рамазан сауапқа толы ай, ұлы мүмкіндік айы! Иманды жан, жәннәт қақпалары ашық тұр, жұмаққа асық!

  Қияметтің күні мүмін адам өз садақасының саясында, көлеңкесінде тұрады. Сөзсіз садақа Раббымыздың ашуын басады.

  Аллаға сүйікті амалдардан болған мұқтажды тамақтандыруды күн тәртібіне қойып, Жаратушымызға жақындататын ұлы мүмкіндіктен сен де құр қалма, бауырым!

 

[1] «әл-Инсан» сүресі, 8-аят