Рамазан - мейірім айы!

gallery/1435337774_facebook
gallery/1435337799_twitter
gallery/logo 3

Әр күн сайын жәннаттағы дәрежеңнің өскенін қалайсың ба?

Тоғызыншы күннің амалы

gallery/x727bc3e4d608fe10fff973bb7a50b7fe_xl.jpg.pagespeed.ic.n47dhqil_h

Шариғатымызда Алланың жанында зор сауапқа кенелтетін, бірақ адам баласынан сабыр мен жігер талап ететін үлкен амал бар. Ол қандай дейсіз бе? Ол – Әлемдердің Раббысы Рахман әрі Рахим Алланың кітабы Құранды жаттау.

Құранның сақталуы алдыңғы түсірілген кітаптар секілді емес. Олар арнайы парақшаларда, ағаш бөліктерінде сақталып, кейін өртеніп, өзгеріп жоғалды. Ал, Құран қағазға түсірілместен алдын ең бірінші көкірекке жазылатын қасиетті Кітап. Құранның «әл-Ъанкабут» сүресінде 49-аятында:

بَلْ هُوَ آيَاتٌ بَيِّنَاتٌ فِي صُدُورِ الَّذِينَ أُوتُوا الْعِلْمَ

«Алайда, ол өздеріне ақиқат ілім нәсіп етілгендердің көкіректеріне нұр болып құйылған ап-айқын аяттар», – деп айтылған. Осы аяты арқылы Алла тағала Құранның асылы, негізі ілім нәсіп етілген мүміндердің көкіректерінде сақтаулы екендігін ашық баян етуде. Құраннан шамасы жеткенше көбірек жаттаған сайын мүміннің ілімі мен дінін түсінудегі түсінігі кеңейе түседі.

Құрметті бауырым! Егер осы ұлы нығметті сауапқа асығар болсаңыз сізден асқан бақытты адам бар ма?! Ол үшін не істеу керек? Неден бастауым қажет? – деген сауалға жауап іздесеңіз онда біздің сізге ұсынар бағдарламамызды оқып көріңіз. Ең алдымен Құранның ең қысқа сүрелерін жаттап алуға тырысыңыз. Ол сүрелер Құранның соңғы 30-парасында қамтылған. Сол 30-парадағы сүрелерді жаттап, оны әрбір намазыңызда қайталап, оқып отырыңыз. «ән-Нәбә» сүресінен бастап, соңғы «ән-Нәс» сүресіне дейінгі аралық намазыңызда оқып отыруы арқылы жадыңызда тез сақталатын болады. Егер қысқа сүрелерді жаттап бітсеңіз, қасиетті Құранның ең алғашқы сүрелері «әл-Бақара» және «Әли-Имран» сүрелерін жаттаңыз. Не үшін? Білесіз бе?! Қиямет күнгі есеп басталмастан бұрынғы күннің қайнатылған ыстықты сәтінде осы екі сүре өздерін жаттаған адамның төбесінде бұлт болып келіп, оны күннің күйдірер сәулесінен қорғайды. Қай тарапқа жүрсеңіз де сізбен бірге қозғалатын болады. Егер оларды жаттап болсаңыз, 30 аяттан тұратын «әл-Мулк» сүресін жаттаңыз. Себебі, бұл сүре қараңғы қабірде сізге жақсылықпен болысатын Алланың аяттары. Сол қабірдің иесі Раббысы тараптан кешірімге ие болғанға дейін шапағат етеді. Одан кейін «әл-Кәһф» сүресін жаттаңыз. Ол сүренің берекетімен Алла тағала Қиямет сағаты сәтінде келетін Дәджалдан қорғайды. Сондай-ақ, әрбір жұма күні оқитын болсаңыз, келер жұмаға дейінгі аралықта сізге нұр болады.

Міне, бауырым! Өзіңізді есепке тартып көріңізші қаншама жылдарыңыз, айларыңыз, апталарыңыз, күндеріңіз бен сағаттарыңыз қасиетті Құранды жаттаймын деген бос уәделермен өтіп кетті. Олай болса, дәл ҚАЗІРДЕН бастап өзіңізге жоспар жасаңыз. Әр күні Құраннан 1 бет немесе 8 қатар, тіпті шамаңыз жетпесе 5 қатар, 2 қатардан жаттап отырыңыз. Және ол ісіңіз күнделікті үздіксіз жалғасуын қатты қадағалаңыз. Себебі, Алла тағаланың алдында аз болса да үзілмейтін амал сүйіктірек. Тіпті, сол амалыңызбен Жәннат тағдырыңызға жазылуы мүмкін.

Бауырым! Қазір осы амалды оқып отырып айтуыңыз мүмкін Құран жаттау кезінде қателіктер кетіп қалмай ма деп. Сөзіңіз ақиқат. Сондықтан да, өзіңіз таңдаған қаридың оқыған жазбасын интернеттен көшіріп алып немесе тыңдап қателіктеріңізді тексерсеңіз болады. Әлбетте, егер уақытыңыз бар болса Алланың жер бетіндегі үйлері мешіттерден барып арнайы ұстаздардың алдында отырып жаттау абзалырақ. Бірақ, уақытыңыз болмаса, осы нәрсені сылтауратып Алланың кітабын кейінге қалдыруға болмайды.

Егер сіз Құранның 1 бетін жаттау сәтінде 100 мәрте оқысаңыз, ол беттегі аяттар санаңызға жатталып қалары сөзсіз. Назар аударыңызшы! Жаттау үшін оқыған 100 бетіңіз сіз үшін 1 ғана бет болуы мүмкін. Бірақ, Алла тағаланың құзырында қасиетті Құранның 100 бетін оқығандай сауапқа кенелтеді. Оның әрбір әріпі үшін жазылатын сауаптарды санай беріңіз. Қандай ғажап! Өзіңіз де сезбеген шығарсыз, бірақ сіз қазір ғана Құранның 5 парасын оқыдыңыз. Міне, қандай керемет сауаптар.

Ардақты Алла елшісі ﷺ өзінің мүбарак хадисінде сүйіншілегеніндей Құран сақталған жанның терісі тозаққа күйдірілмейді. Қасиетті Құранды жаттаған адамға Қиямет күні дүние жалғанда жадыңда жаттаған аяттарыңды оқы да жәннаттағы дәрежеңмен көтеріле бер деген сүйінші келері ақиқат. Демек, әрбір сәт Құранды жаттауды кейінге қалдырған сайын, сіз өзіңізді жәннаттағы дәрежелерден кейінге қалдырып жатырсыз.

Бауырым! Дәл қазір, дәл бүгіннен бастап отбасыңыздың үлкенінен кішісіне дейін жаттайтын Құран аяттарын бөліп, жоспарларын жасап беріңіз. Отбасы болып өзіңді жоқтан бар етіп жаратқан Раббың Алланың сөзін жаттауда жарысыңыздар. Сол амалдарыңыз арқылы Алла дүние және ақыреттегі дәрежелеріңізді көтерсін! Құранға деген махаббатарыңызды арттырсын!