Рамазан - мейірім айы!

gallery/1435337774_facebook
gallery/1435337799_twitter
gallery/logo 3

Тозақтан құтылып, екіжүзділіктен арылғың келе ме?

Сегізінші күннің амалы:

gallery/2013-07-09t135409z_1297748592_pm1e979164k01_rtrmadp_3_france-ramadan

Бүгінгі сіздермен жасағалы тұрған амалымыз Құранда келген әрі Пайғамбарымыз ﷺ хадистерінде келген зор сауапқа кенелтер амал. Тіпті, оны бүкіл жыл он екі ай жасауға бұйырылғанбыз, асылы. Оны жасап та жүруіміз мүмкін. Иә, кейде қадірленбей қалып та қойып жатады.

Бұл амалды түсіндіруіміз үшін алдымен намазды қозғап өтейік. Намазда бірнеше тәкбірлер бар, яғни «Аллаһу әкбар» сөзі. Осы тәкбірлердің ең алғашқысы намазға тұрған сәтіңдегі тәкбірің. Ол – тахрим тәкбірі деп аталады. Намаз Ұлы Аллаға мінәжат ету болғандықтан, мұсылманның намаз бойы бар көңілін Аллаға ұсынуы, Раббысына бағынышты күйде тұрып, жан-тәнімен қалтқысыз берілуі лазым. Сондықтан, намазға тахрим тәкбірін айтып кіру намаздың алғы негізі саналады. Онсыз намазға кіруге болмайды. Сөйтіп, тахрим тәкбірі дегеніміз – намазға ниеттенген мұсылманды намаз алдындағы әдеттегі күйінен қасиетті мінәжат күйіне кіргізетін тәкбір. Бұл Аллаһу әкбар деп айтумен орындалады.

Ал енді осы тахрим тәкбіріне біреулер кешігіп келеді. Мәселен, имам екінші рәкәғатқа тұрып жатқанда, үшінші немесе төртінші рәкәғат болуы да ықтимал. Иә, айтуыңыз мүмкін, намазға үлгерсе болды емес пе? – деп. Асылында үлгерді. Бірақ, имамның тахрим тәкбіріне үлгерудің сауабын білгенде едіңіз, кешікпес едіңіз ғой.

Сондықтан, имамның алғашқы тахрим тәкбіріне үлгерер болсаң Алланың жанындағы сауабың зор. Сондай сауаптарының бірін Ардақты Алла елшісі ﷺ өзінің хадисінде келтіріп: «Егер кімде-кім қырық күн бойы намазын имамның тахрим тәкбіріне үлгеріп оқитын болса, ол адамға Алла тағала екі құтылуды нәсіп етеді. Біріншісі, тозақ азабынан құтылдырады. Екіншісі, екіжүзділік сипаттан тазартады», – деген.

Құрметті бауырым! Ойлаңызшы, егер шынайы ықыласпен, осы хадисте айтылған сауапты шынымен қалап, Раббыңызды ұлықтап қырық күн бойы бес уақыт намазыңызды имамның тахрим тәкбіріне үлгеріп оқысаңыз жоғарыда аталған екі нығметке қол жеткізеріңіз сөзсіз. Қандай ұлы нығметтер! Иә, Алла!

Мәселен, бір адамдар түрлі салаларда біліктілік куәлігін алу үшін 3 ай, 6 ай, тіпті ұзақ жылдарын арнап ең соңында өзі аңсаған білікті маман деген куәлік алады. Сол арқылы мүмкін қызметіндегі айлығы көбейер шамалы ғана, мансабы үлкейер. Бұдан басқа ол қағаздың пайдасы бар ма? Яғни, ақыреті үшін. Әлбетте, егер сол қызметінде Раббысын еске алып жүріп, одан абайлап жүрсе ғана пайдасы тиеді.

Ал, енді қырық күн имамның тахрим тәкбіріне үлгеруіңіз арқылы дүние және ақыреттің бақытына жеткізетін ұлы екі нығметтің куәлігін иеленетін боласыз.

Бауырым! Бүгінгі күні көптеген адамдар осы нығметтерді ескермей жүр. Иманымыздың әлсіреуінен немесе мына фәни дүниенің істерінен бас ала алмай қалуымыз ақыретімізден алдап кетуде.

Бауырым! Дәл осы жазбаны оқып отырған сағатыңыздан ертеңгі осы уақытқа дейінгі бес уақыт намазыңызды мешітте, жамағатпен бірге имамның тахрим тәкбіріне үлгеріп оқуға ниет етіңіз! Өзіңіздің нәпсіңізді жеңуге бар күшіңізді салыңыз. Ертең-ақ өтіп кетер дүниенің істері алдап қоймасын сізді.

Алла тағала барлық істеріңізге жәрдем берсін. Ақыреттік қамдануыңызды арттырсын. Ізгілікке қарай есіктерін ашсын. Берекетін жаудырсын. Тозақ оты мен екіжүзділіктен Өзі қорғанына алсын! Әмин!