Рамазан - мейірім айы!

gallery/1435337774_facebook
gallery/1435337799_twitter
gallery/logo 3

Рамазаннан кейін не істеуім керек?

gallery/beautiful-hd-ramadan-kareem

Иманды жан! Сенімен бірге жиырма тоғыз күн имани тәрбиеде болдық, ізгі, салихалы амалда. Осы жиырма тоғыз күнде көбіміз көптеген пайда алып, сол амалдардың көбін жүзеге асырған да шығармыз. Адам салихалы амал істеп одан ләззәт алатыны сөзсіз, бірақ неге сол амалды әрі қарай жалғастырмайды? Неге? Расында, Аллаға ең сүйікті амал – үнемі қайталанып, үзілмейтін амал емес пе? Мейлі, аз бола берсін, бірақ үзілмейтін амал. Жиырма тоғыз күн бойы істеген амалдардың жеті-сегізін дәптеріңе тірке де оны жалғастыра бер. Алла тағала Құранда:

إِنَّ الَّذِينَ قَالُوا رَبُّنَا اللَّهُ ثُمَّ اسْتَقَامُوا

«Раббымыз Алла»,-деп иман келтіріп, кейін табанды болғандарға...»[1]

Кез келген нәрседе: жетімге қарайласуыңда, ата-анаға қызмет қылуыңда, екі адамның арасын жарастыруыңда, өз хақыңа қателескендерді кешіре салып, елемей қоюыңда, зікіріңде, дұғаңда, науқасты зиарат етуіңде, жаназаға қатысуыңда. Барлығында тұрақты бол, табандылық таныт. Осы күндері атқарған амалдарыңды жазып ал, да үзбей жыл бойы істей бер. Өйткені Алла елшісі ﷺ қандай-да бір амал істесе оны жалғастыра беретін, салихалылар да сол жолда болған. Олар қуанатын, ләззәт алатын біреуге жасаған жақсылықтарынан. Жүректері тыныштық пен шаттықта болатын. Раббымыз қасиетті Құранында:

قُلْ بِفَضْلِ اللَّهِ وَبِرَحْمَتِهِ فَبِذَٰلِكَ فَلْيَفْرَحُوا هُوَ خَيْرٌ مِّمَّا يَجْمَعُونَ

«Ей, Мұхаммед ﷺ! Оларға: «Бұл тек Алланың шексіз кеңшілігі мен рахымының арқасында. Ендеше, тек осыған қуансын! Өйткені, бұл олардың бүкіл жиған-тергендерінен әлдеқайда артық»,-деп айт»[2]

Дүниеге қанныққан адамның одан зерігіп, жалыққанын көрдіңіз бе? Болмаса, ақшасы көп адам қаражатын санаудан жалығып па еді? дүниені жан-тәнімен сүйген адам ешқашан оған тоймайды. Ақыретті көксеген мұсылман ше? Ол қандай болмақ?

وَمَنْ أَرَادَ الْآخِرَةَ وَسَعَىٰ لَهَا سَعْيَهَا وَهُوَ مُؤْمِنٌ فَأُولَـٰئِكَ كَانَ سَعْيُهُم مَّشْكُورًا

«Ал кімде-кім ақыретті қалап, мүмін ретінде сол үшін еңбек етсе, міне, осындай жандардың еңбегі алғысқа бөленеді»[3]

Сот күні «мизан» деген нәрсе болады, ол – таразы. Ол ауыр тартды, және жеңіл тартады. Не нәрсемен ауыр тартады ол таразы? Мал-дүниемізбен бе, әлде жиған-терген қазынаңмен бе, әлде мансабымызбен бе, жоқ әлде тектілігімізбен бе? Қандай нәрсе оған ауыр болды? Ол тек қана салихалы амалдар мен ізгі сауапты істермен ауыр тартады. Жиырма тоғыз күн бойы сенімен өткен амалдарымызбен ауыр болады ол. Онда сүйінші сенің де таразың ауыр тартады, Алла қаласа!

فَأَمَّا مَن ثَقُلَتْ مَوَازِينُهُ ﴿٦﴾ فَهُوَ فِي عِيشَةٍ رَّاضِيَةٍ

«Сонда кімнің таразысы ауыр басса, онда ол разы болатын бір тіршілікте болады»[4]

Бауырым, амал таразың ауыр басса, сенен бақытты адам бола ма қияметте? Сенімен кім тең келеді, иманды жан?! Бір ғана жақсы сөз таразыңды ауырлатады, ниетті туралау да, ауырып жатқан бауырыңның хәлін сұрау, анашыңның табанын уқалап беру, екі жүз-ақ теңге тұрса да біреуге берген сыйлығың, жетімнің басын бір мәрте сипау таразыңды ауырлатпай қоймайды. Өміріңді салихалы амалдарға толтыр, бұл қысқа ғана өмір сол үшін берілген, асылы. Сауапты істерді көбірек жинап, Раббымыздың ризалығана бөлену. Жиырма тоғыз күн жасаған ізгі амалдарыңды күн тәртібіне айналдыр, тоқтама. Реттеп, әдемілеп, көркем түрде атқаруға асық! Өйткені, сапар ұзақ, ал азығымыз өте аз. Азығың – ізгі амалдарың. Раббыңы ұнайтын амал істеуге асық, еш кідірме! Алла тағала Құранда былай деп айтады:

وَسَارِعُوا إِلَىٰ مَغْفِرَةٍ مِّن رَّبِّكُمْ

سَابِقُوا إِلَىٰ مَغْفِرَةٍ مِّن رَّبِّكُمْ

وَفِي ذَٰلِكَ فَلْيَتَنَافَسِ الْمُتَنَافِسُونَ

«Раббыларыңның жарылқауына қарай асыға ұмтылыңдар...»[5]

«Раббыларыңнан болатын кешірімге жарысыңдар...»[6]

«Ендеше, жарысушылар осыған жарыссын...»[7]

Бүгінгі күніңнен бастап өміріңді жаңадан баста, не болды саған кері қарай шегінетіндей? Ешқашан, бауырым, естідің бе, ешқашан артқа қарай шегінуге болмайды, тура жолдан ауытқыма, бекем бол, Аллаға тәуекел ет те, салихалы амалды тоқтатпа. Көктер мен жердей болған мәңгілік Раббыңның жәннәтына асық!

لِمِثْلِ هَـٰذَا فَلْيَعْمَلِ الْعَامِلُونَ 

«Қандай да бір жетістікке жетуді көздеп еңбек еткендер, осындай зор жетістікке жету үшін еңбек етуі керек»[8]

Алла тағала біз бен саған ізгі,салихалы амал жасауға сәттілік сыйласын және Өзіне мойынсұнуда бекемдесін! Иә, жүректерді ауыстырушы, Алла! Жүректерімізді Өз дініңе және Саған деген бойсұнуда бекем етші, Раббымыз! Алладан өзім үшін және сен үшін кешірім сұраймын.

 

[1] «Фуссиләт» сүресі, 30-аят
[2] «Юнус» сүресі, 58-аят
[3] «әл-Исра» сүресі, 19-аят
[4] «әл-Қариға» сүресі, 6-7 аяттар
[5] «Әли-Имран» сүресі, 133-аят
[6] «әл-Хадид» сүресі, 21-аят
[7] «әл-Мутаффифин» сүресі, 26-аят
[8] «әс-Саффаат» сүресі, 61-аят