Рамазан - мейірім айы!

gallery/1435337774_facebook
gallery/1435337799_twitter
gallery/logo 3

Күлімсіре! Әрбір күлімсіреуің – садақа! Рамазан бойы күлімсіреуіңді жоғалтпа

Он төртінші күннің амалы:

gallery/r990_smailikwwastja

Рахман әрі Рахим Алланың атымен бастаймын. Құрметті, бауырым! Егер бүгінгі күнімізді күлімсіреп жүруге арнасақ келісесіз бе?! Иә, қате естімедіңіз, күлімсіреп жүреміз. Ешбір себепсіз жымиып, күлімсіреп жүру. Біздер көп жағдайда жымиюға себептер туындаған кезде ғана езу тартамыз. Ойлаңызшы, базарға барған сәтімізде жымиып жүрсек, сатушының өзі сізбен бірге езу тартып, көңілі көтерілмей ме? Егер жолда таныстарыңмен кезіге қалсаң жымиып езу тарт. Ал егер қабақ шытатын болсаң, олар жаныңнан лезде қашып кетпей ме?

Білесіз бе? Балалар ата-анасының өздеріне қарап бір мәрте жымиып күлулеріне зар болып жүреді. Иә, ондай ата-аналар да бар ортамызда. Күнделікті өмірдің күйбең тірліктерінің соңында жүріп шаршаған, қажыған. Сол күйлерімен балаларына да соңғы мәрте қай кезде жымиғандығын да білмейді. Таңқаларсыз, бірақ сол болып жатқан уайым мен шаршаудың барлығы көпшілік жағдайда үйіңізде жымимай, күлімсіремей жүргендігіңізден орын алып жатыр. Егер Алла тағала жүрегіңізден рақым деген құндылықты алып тастаса не істей аласыз? Асылында күлімсіреу рақымдылықтың белгісінен. Тіпті, Пайғамбарымыз ﷺ өзінің хадисінде: «Бауырыңның жүзіне күлімсіреп қарауың – садақа», – деп сүйіншілеген еді. Олай болса, бүгінгі күнімізді бірге садақаға толытырайық.

Бүгін сіздің қалтаңыздағы қаражатыңыз аз болуы мүмкін. Ендеше, садақа деген үйдің екінші есігін ашқын. Көшеде жүр, базарға қарай бар, мешітке бар. Сол сәтіңде алдыңнан жолыққан адамдарға сәлемдесіп, күлімсіре оларға. Бұл амалдың қаншалықты әсерлі екеніне көзіңнің нақты жететіні анық.

Дәл осы тұста сіздің ойыңызға: «Күлімсірей беру болмайды ғой. Уайымы жоқ адам секілді болмаймын ба? Жеңіл мінезді ұшқалақтай көрініп қалмаймын ба?» – деген заңды сауалдардың келуі әбден мүмкін. Біздің сізге айтар жауабымыз: «Жоқ! Әлбетте!» Неге екенін білесіз бе? Себебі, адамзаттың ардақтысы Алла елшісі ﷺ Алладан ең қатты қорқатындардан, ең қатты ұялатындардан, ең тақуа жан еді. Бірақ, әрдайым күлімсіреп жүретін. Абдулла ибн Жәрир (Алла ол кісіден разы болсын) есімді сахаба Алла елшісінің ﷺ әрдайым күлімсіреп жүретіндігін тілге тиек етіп: «Пайғамбарымызды ﷺ күлімсіреген қалпынан өзгергенін көрген емеспіз», – деп, дәлел ретінде көптеген оқиғаларды риуаят етеді. Тіпті, Әлемдерге рақым етіліп жіберілген елшінің ﷺ күлімсіреген сәттерін бейнелеген ғұламаларымыздың қаншама кітаптары жарық көрді. Қалың-қалың кітаптардың ішінде тек қана күлімсіреуімен байланысты оқиғалары жазылған.

Олай болса, бауырым! Дүниенің қиыншылықтарына, сәтсіздіктеріне, сынақтарына, уайымдарына назар аудармастан жолыңда кездескен әрбір жанған шынайы жүрегіңмен күлімсіреп қарауға тырыс. Есіңде болсын! Бауырыңның жүзіне күлімсіреп қарауың – садақа. Бүгінгі күніңді күлімсіреумен аяқта. Мен шаршап тұрмын, оразамын, көңіл-күйім жоқ – деп айтушы болма. Сондай-ақ, менің қарыздарым көп, проблемаларым да жетерлік – деп айтушы болма. Керісінше, бүкіл қиындықтарыңның алдында өзіңнің үстемдігіңді көрсетіп күлімсірегін. Себебі, адам бүкіл нәрседен де күшті, қуатты. Егер алдыңыздан дұшпаныңыз жолыға қалса, оған да күлімсіреңіз. Тіпті, сол дұшпаныңыз сізге қол көтерсе де күлімсіреуден таймаңыз. Оның алдында рухани қуаттылығыңызды көрсетіңіз. Бәрібір тағдырыңызда бар нәрсені ғана жасай алатындығын естен шығармаңыз.

Міне, бауырым, осылайша дүниенің барша ауыртпалығын артқа қалдырып, болашағыңызды Аллаға тәуекел етіп тапсырыңыз да күлімсіреп жүріңіз.

Алла тағала әр күндерімізді ізгілікке толы амалдарды көптеп жасауымызды тағдыр етсін!