Рамазан - мейірім айы!

gallery/1435337774_facebook
gallery/1435337799_twitter
gallery/logo 3

Аллаға ұнамайтын нәрселермен байланысыңды үз!

Әйтпесе Алламен байланысың нығаймайды.

Он тоғызыншы күннің амалы:

gallery/iphone_telefon_ruki_naruchniki_apple_8554_3840x2400

Адамдардың көбі осы мәселеде бейқамдық танытуда. «Жүрегім таза, ешкімнің ала жібін аттағаным жоқ, тәубе сөздерін әрдайым айтып жүремін»,-деп айтады. Алайда, бір сұрақ бар. Егер адам дәл қазір жан тапсырса?! Алла тағала оның жанын осы сәтте алса?! Оның соңынан үздіксіз жалғаса беретін сауапты істері бар ма?

Қалтаңдағы ұялы телефоныңа назар салшы. Оның ішінде әлемдердің Раббысына ұнамайтын, Оның ашуын шақыратын нәрселер бар ма? Ұятсыз суреттер, біреуді мазақ қылатын, ар-намысын таптайтын СМС-тер, хаттар, пайдасыз әзілдер, арсыз кинолар, видеолар толып тұруы мүмкін. Егер бар болса, онда сенің «тәубе еттім» деуің шындыққа ұласпайды. Сен оларды телефоныңнан өшірмеуің – күндердің бір күнінде оған әлі де мұқтаж екеніңнің дәлелі. Егер сен ұл бала болсаң бөтен қыздардың нөмерлері, ал қыз бала болсаң бөтен ер балалардың нөмерлері телефоныңда не істеп жүр? Дереу өшіріп таста, кідірме! Әлемдердің Раббысы – Алла тағаладан ұял. Тәубеңнің шынайы екенін іспен, амалмен көрсет. Арсыз видеолар, ұятсыз суреттер, бөтен қыздардың суреттері, хаттар, СМС-тердің түгелін өшіріп таста.

Бір сәтке елестетші Алла жаныңды дәл осы сәтте алса, не істейсің? Ол кезде намазымыз, оқыған Құранымыз тоқтайды. Бірақ, әлі де Facebook-та, VK-дағы суреттер, видеолар әлі де таралуда. Оның күнәсы тоқтаған жоқ. Қабірге жамандығының барлығы барып жатыр. Ол суреттерді, видеоларды басқа адам көрген сайын күнәң көбейіп, ұлғайып жатыр. Соны ойла. Ертеңгі қараңғы қабірдегі жағдайың қандай болатынын ойлан, бауырым! Сол үшін дәл қазір күнәмен байланысты барлық нәрселерді ұялы телефоныңнан, компьютеріңнен, ноутбугыңнан, планшетіңнен өшіріп тасташы.

Ғалымдардың бірі басынан өткен оқиғаны баяндайды. Бір күні бір әйелдің баласы қайтыс болғаннан кейін қабіріне барса әлгі әйел аң-таң болады. Бойын қорқыныш билейді. Бәз біреу келіп баласының қабіріне дәрет сындырып жатқанын көрген еді ол. Қорқып кеткен әйел мән-жайды ғалымдардан сұрайды. Сөйтсе, тірі кезінде баласы арсыз, ұятсыз видеоларды, суреттерді тарататын сайт ашып қойған екен. Ол сайттың паролі мен логинін сол жігіттен басқа ешкім білмейді екен. Бүлікші, бүлдіруші сайтты жабуға әрекет жасаған көпшілік шамасы келмей, шарасыз қалады. Оған қоса интернеттің шарты бойынша ұмытылған пароль мен логиннің өшіп кету мерзімі – екі-үш жыл. Бұл не деген сұмдық?! Қабірде жатқан жігіт екі жыл бойы таратқан видеоларының азабын татады ма? Сонда адам қайтыс болса да жасаған күнәларының зардабын көре ме? Иә, дәл солай. Алла сақтасын баршамызды қабір азабынан.

Сот, есеп күні келмей тұрып өз-өзімізді есепке тартайық, бауырлар. Амалдарымыз таразыға тартылмай тұрып осы дүниеде таразылап алайық. Ақыретке не жіберіп жатырмыз, мәңгілікке не дайындадық? Жаратушы Алла тағала Құранда былай деп айтқан:

اِتَّقُوا اللهَ وَلْتَنْظُرْ نَفْسٌ مَا قَدَّمَتْ لِغَدٍ

«Алладан абайлаңдар! Және әрбір жан ертеңіне не жібергеніне қарасын...»[1]

Бауырым, жастық шағыңды күнәлармен толтырма! Бұл кезең – адам өмірінде ең қымбат кезең. Дүниедегі байлықтардан, қызылды-жасылды алдамшы нәрселерден де қымбат. Бос нәрселермен өткізбе уақытыңды. Құлшылық қыл Аллаға. Бойұсын Раббыңа. Және дәл осы сәтте бөлмеңде, телефоныңда, компьютеріңде әлемдердің Раббысы Алла тағалаға ұнамсыз нәрселердің барлығын жойып таста. Тәубе ет Аллаға. Шынайы тәубе осы күнге дейін жасаған күнәларыңды Алланың рұқсатымен өшіріп тастайды.

Кемшіліксіз Алла тағаламен кездескеніңде қателіктерден тазарған, жан дүниесі кіршіксіз, тәубесі қабыл болған салихалы жандардан бол, бауырым!

[1] «әл-Хашр» сүресі, 18-аят