Рамазан - мейірім айы!

gallery/1435337774_facebook
gallery/1435337799_twitter
gallery/logo 3

Жәннат есігі сіз үшін осы дүниеде ашылғандығын қалайсыз ба?

Он жетінші күннің амалы:

gallery/omovenie00

Рахман әрі Рахим Алланың есімімен бастаймын. Ардақты Алла елшісі (с.ғ.с.) жәннатқа кірген сәтінде (миғражда) бір адамның аяқ киімінің дауысын естиді. Ол дауысты күнделікті сүйретпе аяқ киімнің дауысына ұқсатты. Ондағы періштелерден бұл не дыбыс екендігін сұрайды. Бұл сәтте Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) жәннаттың іші-сыртын, кейін кіргізілетіндерді де алдын-ала Алланың құдіретімен көрген болатын. Сонда періштелер бұл дауыс Біләлдің (р.а.) аяқ киімінің даусы екендігін жеткізеді. Алла елшісі (с.ғ.с.) таң қалады. Осы оқиғадан кейін, ардақты Алла елшісі (с.ғ.с.) Біләлдан (р.а.) келіп сұрайды: «Иә, Біләл! Сені жәннатқа кіруге лайықты етіп, таразыңда ауыр басып тұрған қай амалың?» – деп сұрайды. Біләл (р.а.) осы сәтте ойлана бастады. Намаздары да, оразалары да өзінің жанындағы сахабалардай. Бірақ та, олардан ерекшеленетін бір артықша амалы болатын. Оның бойындағы осы қасиет өте аз адамдарда ғана еді. Біләл (р.а.) әрдайым дәретпен жүруді ұнататын. Сондай-ақ, әрбір мәрте дәрет алған сайын екі рәкәат нәпіл намаз оқитын.

Міне, бауырым! Үнемі дәретпен жүру және әрбір мәрте дәреттен кейін екі рәкәат нәпіл намаз оқуыңыз сізді жәннатқа жетелейтін амалдардан екен. Демек, бүгіннен бастап бір немесе екі күн тек қана дәретпен жүруді қолға ал. Содан кейін, нәпіл намазын да ұмыт па? Білесіз бе? Егер дәретпен жүретін болсаңыз әрдайым Құранды ұстауға, оны оқуға, қалаған сәтіңізде намаз оқуға, яғни әрдайым құлшылыққа әзір жүресіз. Жалпы, дәрет – мүміннің қорғанышы. Тазаланушы пендесін Раббысы да жақсы көретіні анық. Құранда «Бақара» сүресі, 222-аятында: «Шүбәсіз Алла (пендешілікпен істелген күнәнің артынша) қатты өкініп тәубе ететін тәубешіл құлдарын және үнемі (күнә атты рухани кірлерден) тазаланушыларды жақсы көреді», – деп сүйіншілейді. Егер иманды екіге бөлер болса, дәрет (тазалық) иманның жартысы болмақ. Сондықтан да, өміріңізде ең болмағанда осы қасиетті айда, осы жазбаны оқығаннан соң бір күніңізді немесе екі күніңізді дәретсіз күйде өткізбеңіз. Ұйқыдан оянған бойда дәрет алыңыз, артынша намаз оқып алыңыз. Тіпті, дәретхана барып әрбір мәрте қажетіңізді өтеген сайын дәрет алыңыз да, нәпіл намаз оқыңыз. Бірнеше сағаттан кейін-ақ дәретіңізді бұзып алсаңыз, дереу еш кідірместен дәрет алып, іле-шала екі рәкәат намаз оқыңыз. Міне, осы амалды атқаруға шамаңыз жете ме, бауырым? Білсеңіз ғой, алғашқы азаншы Біләлдің (р.а.) бүкіл өмірі осылай өткен. Иә, Алла! Не деген керемет ғұмыр! Ең болмағанда бір күніңіз арқылы Біләлдің (р.а.) өмірі қалай болғандығын сезінетін боласыз. Ол – Алла елшісінің (с.ғ.с.) азаншысы. Ол – нағыз сабыр етушілерден. Ол – Исламды алғашқы қабылдағандардан. Ол – өмірінің қас-қағым сәтінде дәретсіз өткізбеген сахаба.

Құрметті, бауырым! Дәрет тек қана жеңіл амал емес, әрбір мәрте дәрет алған сайын сіз бен біздің қателіктеріміз бен күнәларымыз төгіліп отырады. Дәрет алушы адам дәретіне қанша көлемде су жұмсаса, сол суының соңғы тамшысымен күнәларынан да түк қалмай төгіледі. Егер жүзін жуса, сол суымен көзіндегі, мұрнындағы тіліндегі күнәлары төгіледі. Қолдарынан да, аяқтарынан да солай қателіктері мен күнәлары төгілетін болады. Ал, қиямет күні махшарда әрбір жалғыз Алласына ғана иман еткендер дәрет алған орындарының нұрларын көретін болады. Әрбір мәрте тазаланған денелерінің нұрланып кеткендігіне көздері жететіні ақиқат. Тіпті, дәрет алып болғаннан кейін Аллаға ықыласты түрде дұғасын айтар болсаңыз Жәннат есіктері сіз үшін айқара ашылары тағы ақиқат. Асық! Асығыңыз бауырым! Егер осы сөздерімді оқып отырған сәтіңізде дәретіңіз болса онда керемет. Ал дәретсіз отырған болсаңыз, дереу дәрет алуға ұмтылыңыз. Алла тағала жәннатымен сүйіншілесін! Кешті батырып төсегіңізге жатар болсаңыз дәретсіз күйде жатпаңыз. Себебі, дәретпен жатқан әрбір мүмінді Алла тағала қорғанына алады. Сіз үшін әрдайым дәретпен жүруіңізге Әлемдердің Раббысы Алла тағаланың қасиетті Құрандағы: «Шүбәсіз Алла тазаланушыларды жақсы көреді», – деген сөзі жеткілікті емес пе?!

Алла тағала әрбір игі амалымыз арқылы дүние және ақыреттегі дәрежелерімізді көтерсін!