Рамазан - мейірім айы!

gallery/1435337774_facebook
gallery/1435337799_twitter
gallery/logo 3

Аз уақытта таудай сауапқа кенелгің келсе...

Он екінші күннің амалы:

gallery/e138333d6ebb12d905c7548a47fd46e0_xl

Құрметті бауырым! Бүгін қасиетті Рамазанның он екінші күнінде сізбен бірге атқаратын амал баршамызды таудай сауапқа жолықтыратын ізгі амалдардан. Мүмкін бұл амалды жиі, тіпті күнде атқарып жүру ықтимал. Бірақ, осы сауаптар еселенетін айда құр қалып кетпес үшін есіңізге түсіргелі отырмыз. Бұл амал сізден өзіне азғантай ғана уақыт сұрайды. Бірақ, нәтижесінде үлкен екі таудай сауапқа кенелтеді. Сөзімнен қандай екенін сезіп те отырған боларсыз. Иә, бұл – жаназа намазына қатысу.

Жаназа намазының сауабы туралы Пайғамбарымыз ﷺ хадистерінде көп мәрте баяндаған. Алла елшісі ﷺ «Намаз оқылғанға дейін жаназада болған адамға – бір қырат, көмілгенге дейін болғанға – екі қырат сауап бар». «Екі қырат деген не?» – деп сұралғанда, «Екі үлкен таудай», – деп жауап қатты Пайғамбарымыз ﷺ.

Міне, бауырым! Жаназа намазына қатысып, одан кейін мәйітті жерлеу рәсіміне де еріп барып, қатысар болсаңыз екі үлкен таудай сауапты арқалап қайтасыз. Осындай сауапты істің сыйын көзбен көрмегеннен кейін біз жалқауланып, нәпсіміздің азғыруына түсіп жатамыз. Тіпті, кей кездері үйімізге тиіп тұрған жердегі жаназа намазына да қатыспай жатамыз. Сонда ақыретке сауапқа жіберуге асықпағанымыз ба?!

Кішкене ойланып көрейікші. Ертеңгі күні уақытымыз келген сәтте біздің де сол мәйіттердің соңынан еріп кетеріміз ақиқат. Сол сәтте өзімізге шапағат ниетімен жаназа намазын оқуларына және Алласына серік қоспаған салихалы құлдардың дұғаларына мұқтаж емеспіз бе?! Әлде, ақыретіміз шешілді деген «сүйінші хабар» алып қойдық па?! Әлбетте, жоқ. Артымыздан дұға жасаушыларға мұқтаж болып қалмасымызға ешкім кепіл емес. Сондықтан да, жаназа намазға асығып, сауаптан құр қалмауды әдетімізге айналдырайық. Ардақты Алла елшісі ﷺ өзінің хадисінде: «Кім бауырының қажетінде болса, Алла тағала оның қажетін өтейді», – деп сүйіншілеген еді. Егер біз құлағымыз естіген әрі көзіміз көрген мәйіттің жаназасына қатысып, оның қажетінде болсақ, Алла тағала біздің де сондай сәтімізде біздер үшін дұға жасайтын, намаз өтейтін құлдарын жіберері сөзсіз. Ал, енді кім жаназа намазының сауабын жүрегімен түсініп, оған бой үйрететін болса, одан ажырағысы келмейтіні де ақиқат.

Абдулла ибн Омар (Алла ол кісіден разы болсын) әрдайым жаназаға қатысатын да, қабірге дейін бармай басқа істерімен шұғылданып кететін. Бір күні Пайғамбарымыздың ﷺ жаназаның соңынан еріп, жерлегенге дейін жанында болған адамға екінші таудай сауап бар деген хадисін естиді. Оның алдын естімеген екен. Осы хабарды естіген сәтте мүміндердің анасы Айша (Алла тағала ол кісіден разы босын) анамызға елшіні осы хадистің ақиқаттығына көз жеткізу үшін жібереді. Сонда Айша (Алла тағала ол кісіден разы босын) анамыз нақты хадис екенін айтады. Бұл ақиқаттан хабардар болған кезде Абдулла ибн Омар қолындағы тастарды шашып жібереді. Ол қатты ашу үстінде тұрып: «Қанша таудай сауаптарды жіберіп алғанмын», – деп өкінеді.

Иә, кейбір кездері жаназа намазынан кейін кейбір адамдардың босқа отырғандықтарын көзіміз шалып қалып жатады. Оларға: «Бауырым, сауаптан шаршағансың ба?» – дегіміз келеді. Иә! Қиямет орнаған кезде таразымыздың сауапты амалын артық етуіміз үшін бір сауаптың өзіне зар болуымыз мүмкін. Алла сақтасын!

Сондықтан да, бүгін егер мүмкін болмаса ертең келесі күннің амалының алдында жаназа намазына қатысыңыз. Егер мүлдем болмаса қабірді зиярат етіп, онда жатқан мүміндер үшін дұға жасаңыз. Қасиетті Құранның «әл-Қариға» сүресінің 6-7 аяттарында:

فَأَمَّا مَن ثَقُلَتْ مَوَازِينُهُ﴿٦﴾ فَهُوَ فِي عِيشَةٍ رَّاضِيَةٍ

«Сонда кімнің таразысы (сауап жағынан) ауыр басса, ол өзі дән риза болатын өмірге қадам басады», – делінген. Яғни, Қияметтегі таразың сауапты амалдарыңмен ауыр басатын болса, Раббыңның жанында мәңгілік ризалыққа толы өмірге қол жеткізетін боласың. Барлығы өз қолымызда сауаптарды толтыруға бүгін дәл қазір мүмкіндіктер берілген. Мына дүние ақыреттің егістік алқабы. Қай күні аяқталатынымызды да білмейміз. Сондықтан, бауырым, әр сағатымыздың қадіріне жетейік.

Жаназаға қатыса алмаған күндерімізді қабірлерді зиярат етіп немесе өлімді еске алумен өтсін. Мүмкін сол арқылы Раббымыздың разылығына лайықты болармыз.

Алла тағала Өзіне ұнайтын салихалы амалдарды үздіксіз жасауды нәсіп етсін!