Рамазан - мейірім айы!

gallery/1435337774_facebook
gallery/1435337799_twitter
gallery/logo 3

Қас қағым сәтте отыз сауапқа кенелгіңіз келе ме?!

Он бірінші күннің амалы:

gallery/shutterstock_106951895

Бүгінгі Рамазанның он бірінші күнінде атқаратын амалымыз өте жеңіл әрі зор сауапқа кенелтетін іс төңірегінде болмақ. Дегенмен, көпшілік адамдар ол амалдан бейқамдықта. Сіз білесіз бе? Алла тағала Адамды (Алланың оған сәлемі болсын) жаратқан сәтінде оған үйреткен алғашқы сөзі «Сәлемдесу» болатын. Адам (Алланың оған сәлемі болсын) өзіне үйретілген сәлемдесу сөздерімен періштелердің алдына шығып: «Әссәләму ъалайкум уа рахматуллаһи уа баракатуһ», – деп оларға Алланың сәлемін, мейірімін және берекесін тілеген болатын. Құрметті бауырым! Біздің де сізбен бірге бүгін дәл қазіргі сәттен бастап атқаратын амалымыз атамыз Адам (Алланың оған сәлемі болсын) айтқан тілде «Әссәләму ъалайкум уа рахматуллаһи уа баракатуһ» деп сәлемдесу. Иә, сіз қате естіген жоқсыз. Бүгінгі күнгі сіз бен біздің адамдардың арасында айтып жүрген сәлемдесу сөздеріміз жәннәт тұрғындарының да сәлемі екен. Дәл осы сәтте ойыңызға заңды сауал келуі ғажап емес: «Сонда жәннәт тұрғындарының барлығы араб па?» – деген. Жоқ, әлбетте. Бірақ, ол мәңгілік амандық мекені тұрғындарының бір-бірлеріне жолыққан сәттегі айтар сөздері осы «Әс-сәләму ъалайкум» болары сөзсіз. Ардақты Алла елшісі ﷺ адамдарды бір-бірлеріне үнемі сәлемдесіп жүруге қызықтырды. Тіпті, бір-біріңді кездестірген сәттеріңде сәлемдеспей тұрып дүниелік қажеттілік сұралса, ең алдымен сәлемдесіп барып, сауалына жауап қайтарыңдар деген өсиетке дейін қалдырды. Басым көпшілік айтып жүргеніндей «Қайырлы таң», «Қайырлы күн», «Қайырлы кеш» деген сөздермен бастамағын сөзіңді, бәлки бауырыңа ең алдымен Алланың сәлемін, берекесін және рақымын тілеп ал. Ал, қалған сөздер содан кейін бола береді. Адамдармен қарым-қатынасыңның бастапқы сөзі Алланың шариғатына сай әрі жәннәт тұрғындарының сәлемі болған «Әссәләму ъалайкум уа рахматуллаһи уа баракатуһ» болсын.

Бірде Пайғамбарымыз ﷺ сахабаларымен отырған сәтінде ішке бір адам кіреді. Алла елшісі ﷺ оған қарап «ОН» деді, екінші кірген адамға «ЖИЫРМА» деді, кейінгі кіргеніне қарап «ОТЫЗ» деді. Сонда сахабалары сұрады: «Не үшін әрбір кірушіге әртүрлі сан айтылды», – дейді. Алла елшісі ﷺ: «Алғашқысы «Әс-сәләму ъалайкум», – деді, оған он сауап. Екіншісі «Әс-сәләму ъалайкум уа рахматулла», – деді, оған жиырма сауап. Ал, соңғы толықтай «Әссәләму ъалайкум уа рахматуллаһи уа баракатуһ», – деді, оған отыз сауап берілді», – деп жауап берген.

Міне, бауырым! Алланың сәлемін жеткізген сәтіңізде сізге осындай сауап берілгелі тұр. Иә, сіз айтуыңыз мүмкін мен күніге осылай сәлемдесемін ғой деп. Бірақ, жан-жағыңыздағы қаншама адамдар «Әс-сәләм» деп басталатын сөздерін ұмытқан. Оның орнына өздерінің көңілдеріне ұнайтын ешқандай сауапқа кенелдірмейтін сөздерді айтып жүр. Тіпті, қоштасар сәтіңізде де Алланың сәлемін айтып барып қоштасыңыз. Себебі, көпшілігі оның орнына «Пока», «Чау», «Кездескенше» деген пайдасыз сөздерді қолдануда. Бауырым! Егер бір жиынға бара қалсаңыз ең алдымен оларға Алланың есендігін, мейірімін, берекесін тілеңіз. Ал, сол жиыннан тарқар кезіңізде де сол сауапты сөздерді айтып барып тарқаңыз. Әлбетте, ол сіз үшін де, жаныңыздағылар үшін де қайырлы болмақ Алла қаласа. Себебі, бұл іс Алла елшісінің ﷺ сүннетінен.

Дәл осы игі амалға шақыратын хатымызды оқып отырған болсаңыз, қазірден бастап ертеңгі осы сәтке дейін 24 сағат танитын адамыңызға да, танымайтын адамыңызға да «Әссәләму ъалайкум уа рахматуллаһи уа баракатуһ» деп сәлемдесіңіз. Неге? Мұның сырын білесіз бе? Егер білмесеңіз айтайын: әлемдердің Раббысы Алла тағаланың елшісі ﷺ: «...Өз аралыңда сәлемді жайыңдар...», – деген әмірі бар.

Бауырым! Бір сәтке тоқтап ойланшы. Егер осы 24 сағаттың ішінде ең болмағанда 1 мәрте базарға барсаңыз немесе қайда болса да бәрібір. Жолда жолықтырған 30 адам барар сәтіңізде, қайтарыңыздағы тағы 30 адам. Осының барлығына айтқан «Әссәләму ъалайкум уа рахматуллаһи уа баракатуһ» сөзіңіздің сауабын есептеп көрдіңіз бе?! Тіпті, ол сіздің сәлеміңізге таңырқап жауап бермесе де, сәлемдесуді тоқтатпаңыз. 60-ты 30-ға көбейтер болсаңыз, 1800 болады. Демек, 1800 сауапқа тек қана сәлемдесу арқылы кенелесіз. Қандай ғажап! Қазірден бастаңыз.

Құрметті бауырым! Өз үйіңізге кірген кезде де Алланың сәлемін қоса ала кіріңіз. Бүгін күні бойы кімді көрсеңіз де, үлкен-кіші, жас-кәрі, қазақ, өзге ұлт бәрі бір барлығына «Әссәләму ъалайкум уа рахматуллаһи уа баракатуһ» сөзін айтыңыз. Мына оқиғаны айта кетейін:

Мешіттің бір жамағаты өзінің басынан өткен керемет мына оқиғаны әңгімелеп берді. – Менің намаз оқымайтын кезім болатын. Әрдайым таңертеңгісін жұмысқа қарай шыққанымда, үйімнен онша алыс емес жерде орналасқан мешітке қарай асыға шығатын бір жігіт болатын. Ол әрдайым мені көрген сайын «Әс-сәләму ъалайкум» деп сәлемдеседі. Мен де жауап қайтарғандай боламын. Ол күлімсіреген қалпы өтіп кететін. Бірте-бірте ол адамға деген сүйіспеншілігім мен бауырмашылдығым арта түсті. Біршама уақыттан кейін оның барып жүрген жеріне деген де қызығушылығым мен сүйіспеншілігім артты. Тіпті, мешітке барып оның ішіндегі айтылғандарға назар аудардым. Осылайша, исламды қабылдап, намаз оқуға ниет еттім. Міне, бірнеше жылдардан бері үзіліссіз намаз оқып келемін.

Көрдіңіз бе, бауырым! Алланың сәлемін жеткізу Раббысын танымай жүрген адамдардың өзін ұлы құлшылыққа алып келуі әбден мүмкін екен. Олай болса, сауапты істен сіз де құр қалмаңыз. Мүмкін сіздің сәлеміңіздің себебімен бір немесе бірнеше адамдар Алласын тануы ықтимал.

Ардақты Алла елшісі ﷺ хадисінде: «Иман етпейінше жәннәтқа кіре алмайсыңдар. Ал бір-бірлеріңді жақсы көрмейінше иман келтірген болып саналмайсыңдар. Сендерді бір іске бағыттайын ба, егер оны жасаған болсаңдар бауырмашылдықтарың артады. Өз араларыңда сәлемді жайыңдар (үнемі сәлеммен жүріңіз)», – деген ұлы өсиетін қалдырды.

Білесің бе, бауырым! Алланың сәлемін жер бетінде жеткізгеніміз үшін жәннатта сыртынан іші, ал ішінен сырты көрінетін сарай сыйға тартылатын болады.

Ал, одан да артығы, «Әс-Сәләм» Ұлы Раббымыздың көркем есімдерінің бірі. Бүкіл есендіктің, тыныштықтың, амандықтың Иесі деген мағыналарды қамтыған көркем есімдерінен.

Алла тағала біз бен сізді жердің бетінде үнемі сәлем нығметін паш етіп жүретін және сол арқылы дүние және ақыреттің бақытына қол жеткізетін салихалы құлдарынан етсін! Әмин!