Рамазан - мейірім айы!

gallery/1435337774_facebook
gallery/1435337799_twitter
gallery/logo 3

Періштелердің алдында есіміңнің аталғанын қалайсың ба?

Он бесінші күннің амалы:

gallery/img_8761

Аса Қамқор, ерекше Мейірімді Алланың атымен бастаймын. Барша мақтау мен мадақтар Оған ғана тән. Адамзаттың асылы Алла елшісіне ﷺ және Оның отбасына Алланың игілігі мен сәлемі болсын.

Құрметті, бауырым! Асық! Асығыңыз! Не нәрсеге? Бүгінгі күніңіздің басым бөлігін жер бетіндегі Алланың үйлерінің бірінде өткізуге асығыңыз. Алла тағала үшін арнайы бір сағат уақытыңызды босатыңыз. Намаздан тыс уақытыңызды босатыңыз. Ол уақытыңыз екінші намазды күтіп отыруға немесе азаннан алдын жарты сағат алдын келіп екі рәкәғат мешітке сәлем намазын оқып алыңызда, келесі намазды күтіп отырыңыз. Себебі, бір намаздан соң келесі намазға дейін күту Алла жолындағы мықты байланыс болып табылады. Осылайша уақытыңның бір бөлігін Алланың үйіне арна. Мүміннің жүрегі әрдайым мешітпен байланған. Ертеңгі Қияметтің ауыр күндері Алла тағала Өз саясына алатын жеті адамның бірі осы мешітпен жүрегі байланған жан болмақ. Қасиетті Құранның «ән-Нұр» сүресі, 36-37 аяттарында:

فِي بُيُوتٍ أَذِنَ اللَّهُ أَن تُرْفَعَ وَيُذْكَرَ فِيهَا اسْمُهُ يُسَبِّحُ لَهُ فِيهَا بِالْغُدُوِّ وَالْآصَالِ ﴿٣٦﴾رِجَالٌ لَّا تُلْهِيهِمْ تِجَارَةٌ وَلَا بَيْعٌ عَن ذِكْرِ اللَّهِ وَإِقَامِ الصَّلَاةِ وَإِيتَاءِ الزَّكَاةِ ۙ يَخَافُونَ يَوْمًا تَتَقَلَّبُ فِيهِ الْقُلُوبُ وَالْأَبْصَارُ

«Осынау нұрға Алланың Өзі асқақтатқан әрі тұрғызылуына һәм ішінде атының аталуына Өзі рұқсат еткен үйлерде бөленуге болады. Ол үйлерде Оны ертелі-кеш: («Сен – мінсізсің, кемелсің», – деп) дәріптейтін. Сондай ер жігіттер бар, олардың күн-көріс көзіне айналған саудалары да, (күнделікті) алу-сату істері де оларға Алланы ауызға алуына (яғни, Алланы еске алу мақсатында бас қосып, дәріс оқып, насихат тыңдауына), намазды кемеліне жеткізіп, үзбей әрі уақытылы оқуына және зекетті толық беруіне бөгет бола алмайды. Олар жүректер күйден күйге еніп, астаң-кестен болатын және көздер шарасынан шығатын ауыр күннен қорқады», – делінген.

Міне, Раббымыз Өзінің аятында баяндағанындай оларды Алланы еске алудан дүниенің ешбір шұғыл істері алаңдатпайды. Мешітке келген сәтінде жаны рахатқа бөленіп, тыныштық табады. Жер бетіндегі орындардың Аллаға ең сүйіктісі – мешіттер.

Бауырым! Бүгін жаныңа отбасыңды ертіп Алланың үйіне бар. Өзіңе ең ыңғайлы уақытты таңдап бір немесе екі сағат отырып, Алла тағаланы еске ал. Салихалылар мешіттегі отырыстан еш үзілмейтін, ажырамайтын. Егер дүние тарылғандай күйге түссе олар дереу мешітке келіп, құтылуға, тазаруға асығатын. Мешіт – күллі тақуалардың үйі.

Бірде Пайғамбарымыз ﷺ аср намазынан кейін мешіттен шығып кетеді де, мағриб намазы сәтінде қайта оралғанда сахабалардың мешіттен әлі тарқамай отырғандарын көреді. Сонда олардан сұрайды: «Не нәрсе отырғызды?» Олар: «Бір намазды атқарып болып, келесі намазды күтіп отырмыз», – деп жауап берді. Ол ﷺ: «Аллаға серт етесіңдер ме, сендерді тек қана осы мақсат отырғызды ма?» – дейді. Олар: «Алла куә! Біз тек осы мақсатта ғана отырмыз», – дейді. Осылайша Алла елшісі ﷺ олардан дәл осылай үш мәрте сұрады. Ол ﷺ: «Сендерді куә етемін. Алла тағала сендермен періштелерінің алдында мақтан тұтты», – деп сүйіншілейді.

Алла тағала «әт-Тәубә» сүресі, 18-аятында:

 إِنَّمَا يَعْمُرُ مَسَاجِدَ اللَّهِ مَنْ آمَنَ بِاللَّهِ وَالْيَوْمِ الْآخِرِ وَأَقَامَ الصَّلَاةَ وَآتَى الزَّكَاةَ وَلَمْ يَخْشَ إِلَّا اللَّهَ ۖ فَعَسَىٰ أُولَـٰئِكَ أَن يَكُونُوا مِنَ الْمُهْتَدِينَ

«Алланың мешіттерін тек Аллаға және ақиретке иман келтірген, намазды кемеліне жеткізіп үзбей әрі уақытылы оқитын, зекетті толық беретін, сондай-ақ, Алладан өзге ешкімнен именбейтін шынайы мүміндер ғана лайықты түрде көркейте алады. Міне, солар тура жолдан таймауға, мақсат-мұраттарына жетуге үміт ете алады», – дейді.

Алла елшісінің ﷺ мешітінің тазалау жұмысын атқарып жүрген әйел кісі болатын. Бірде Алла елшісі ﷺ әлгі әйелдің дүниеден озып кеткендігін естиді. Жерленіп қойылғанына екі күн өткендігін естіген кезінде қатты қиналды. «Мені неге хабардар етпедіңдер? Мені оның қабіріне алып барыңдар», – дейді. (Ол мешітпен жүрегі байланған адам. Ол мешітті тазалаушы еді ғой.) Алла елшісі ﷺ әлгі әйел кісінің қабіріне барып, ол үшін дұға етті.

Ал енді тек қана Жұмаға немесе Рамазан айында ғана мешітке келетін ер азамат туралы не айтуға болады?

Мүмін адам мешіттегі намазын аяқтап, үйіне қарай бет алған кезінде жүрегі езіліп, мұңайып келесі намаздың азаны қашан болады екен, Раббыма қауышатын деп асығады. Кейбір салихалылар таң намазының алдын мешітке келіп, сағаттар бойы таңның азанын күтетін сәттері болған. Көзім көрген ақпаратты айтар болсам, қариялар бар жасының ұлғайғандығына қарамастан бір түнінде өткізбеген таңның азанынан бұрын мешітке келместен. Намаз оқитын, кідіретін, қайта намаз оқитын, келесі азан шақырылғанға дейін.

Бауырым! Бүгіннен қалмай өзіңмен күресіп, нәпсіңді жеңіп мешітке бар. Бірнеше уақытыңды Алланы еске алумен өткіз. Ақиқатында сол сәтіңе дейінгі бүкіл уақыттарыңды жинасаң да мешіт ішінде Раббыңды еске алып отырған бір сағатыңа жетпейтіні анық. Егер осы амалды үздіксіз атқарып жүретін болсаң, біршама уақыттар өткеннен кейін жүрегіңнің мешітті сағынатынын, тіпті одан шықпастан жатып сағыныштан езілген жүрегің көзіңе еріксіз жас әкелгенін де көретін боласың.

Алла тағала жүрегімізді мешітпен байласын. Сол арқылы дүние және ақиреттің бақытына жеткізсін. Әмин!