Рамазан - мейірім айы!

gallery/1435337774_facebook
gallery/1435337799_twitter
gallery/logo 3

Өзіңнің жаратылысыңа соңғы мәрте қашан ой жүгірттің?

Он алтыншы күннің амалы:

gallery/ss26009

Қасиетті Рамазанның он алтыншы күніндегі жасайтын амалымыз құлшылықтардың ең үлкенінен болып саналады. Таң қаласың, осы амалдың жеңілдігіне қарамастан, көпшілік адамдар бұдан бейқамдықта. Пенденің бойында қалдырар әсері өте зор. Ол – тәфәккур (ой жүгірту ғибадаты). Бұл ғибадатты денемен емес, тек қана жүрекпен атқарамыз. Шіркін, егер білсеңіз ғой! Ол ғибадат хақысын сау жүректер ғана бере алатынын.

Иә, сізде заңды сауал туындайтыны ақиқат: «Қалай атқаруым керек сонда?» – деп. Дүниенің шұғылдандырып жіберетін істерінен көңіліңізді босатып, өзіңізді қоршаған ортаға назар аударып ой жүгіртесіз. Тіпті, өзіңіздің жаратылысыңызға да қарап, күні бүгінге дейін өзіңіздің бойыңыздағы көре алмай жүрген Алла тағаланың белгілеріне ой жүгіртсеңіз де болады. Көкке, жұлдыздарға, күнге назар салыңыз. Осыншама алып денелер кім үшін? Не үшін? шығып әрі батып жатыр. Ойланыңыз! Бір күн келеді сол көз алдыңыздағы күн қайта шықпай қалатын. Батқан жағынан қайта шығатын күн – ол. Анау көзіңізге көрініп тұрған жұлдыздар миллиондаған жылдарға қашықтықта тұрғандығын білесіз бе? Егер оның жанына жақын баратын болсаңыз сіз бен біз өмір сүріп отырған жердің түкке тұрғысыз екендігіне көзіңіз жетеді. Тіпті, ол жұлдыздың қасында нүктеге де татымайды. Алла тағала «әл-Уақиға» сүресі, 75-76-аяттарында:

فَلَا أُقْسِمُ بِمَوَاقِعِ النُّجُومِ ﴿٧٥﴾ وَإِنَّهُ لَقَسَمٌ لَّوْ تَعْلَمُونَ عَظِيمٌ

«Жұлдыздардың орнына серт! Біле білсеңдер, бұл, шынында да, өте үлкен серт», – деп серт берген. Білесіз бе, сіз көріп отырған сол ғаламшарды дүние есігін ашқалы бері көре алмайтындар бар. Ал, кейбіреулерінің көздері болса да кеуде көрсоқырлығымен көре алмай жүр. Міне, сондықтан да, Пайғамбарымыз ﷺ өзінің хадисінде: «Алла тағала кімді екі сүйіктісімен (екі көзімен) сынаса, яғни жанарсыз етсе. Оны жәннатына кіргізеді», – деген.

Бауырым! Бірнеше минуттар көзіңізді жұмыңызшы. Сосын оймен елестетіңіз, жан-жағыңыздағы қызылды-жасылды түстер, қозғалыстар, құбылып жатқан дүние, әйеліңіз, балаларыңызды сол қалпыңызда көре аласыз ба? Әлбетте, жоқ! Олай болса Раббыңыз сыйлаған КӨЗ деген нығметіне соңғы мәрте қашан шүкір еттіңіз?! Сұраусыз сыйланған көз нығметі үшін «Раббым! Саған шүкірлік етемін», – деп маңдайыңызды сәждеге қойдыңыз ба? Білесіз бе, бауырым? Егер көз нығметін өтемекке ниет етсек, ғұмырымыз да жетпес еді Алланың осы хаққысын өтеп берудің өзіне. Ал, құлағыңыз ше? Иә, қате естіген жоқсыз, құлағыңыз ше? Егер ол естімей қалса не істер едіңіз? Құлаққа ұрған тыныштық орнар еді ғой сіздің айналаңызда. Қасиетті Құранда «әз-Зәрият» сүресі, 21-аятында:

وَفِي أَنفُسِكُمْ ۚ أَفَلَا تُبْصِرُونَ

«Сондай-ақ, өз болмыстарыңда да талай-талай айғақтың бары анық. Сонда да, көрмейсіңдер ме?!» – деп, Алла тағала біздерді ойлануға шақырады.

Тағы бір ақиқатты айтайын. Егер екі қолыңыз жоқ болса ше? Иә, бірде интернетке назар салғанымда қос қолы жоқ бір адам, намазға дәрет алып жатыр. Ойланыңызшы! Жүзін қалай жуады? Басына қалай мәсіх тартады? Бүкіл осы амалдарын екі аяғымен атқарып жатыр. Және тағы бір мысал, екі аяғымыздан айырылып қалсақ не істер едік? Әрине, Алла сақтасын! Мешітке қалай барар едік? Базарға қалай барар едік? Қаншама жандар бүгінде төсекке таңылып, сізде бар нығметті аңсап жатыр...

Құрметті, бауырым! Асық! Асығыңыз! Бүкіл ойыңызды бөліп жіберетін заттарыңыздан арылып, телефоныңызды да біршама уақытта сөндіріп мешітте немесе үйде, ең жақсысы ашық аспан астында отырып ой жүгіртіңіз. Егер бір сағат уақыт көп десеңіз, ең болмағанда жиырма минутыңызды өзіңізді қоршаған ортаға назар аударуға немесе өзіңіздің жаратылысыңызға қарап ой жүгіртіңіз. Алла тағала «Әли Имран» сүресі, 190-191 аяттарында:

إِنَّ فِي خَلْقِ السَّمَاوَاتِ وَالْأَرْضِ وَاخْتِلَافِ اللَّيْلِ وَالنَّهَارِ لَآيَاتٍ لِّأُولِي الْأَلْبَابِ ﴿١٩٠﴾ الَّذِينَ يَذْكُرُونَ اللَّهَ قِيَامًا وَقُعُودًا وَعَلَىٰ جُنُوبِهِمْ وَيَتَفَكَّرُونَ فِي خَلْقِ السَّمَاوَاتِ وَالْأَرْضِ رَبَّنَا مَا خَلَقْتَ هَـٰذَا بَاطِلًا سُبْحَانَكَ فَقِنَا عَذَابَ النَّارِ

«Шүбәсіз, күллі аспан әлемі мен жердің жаратылуында, түн мен күннің алма-кезек ауысып, ұзарып-қысқаруында ақыл иелері үшін (Алланың шексіз құдіреті мен шексіз билігін көрсететін) ғибратқа толы талай белгілер (дәлелдер) бар. Олар тікесінен тік тұрып та, отырып та, жантайып жатып та үнемі Алланы еске алады һәм күллі аспан әлемі мен жердің жаратылысына терең ой жүгіртіп: «Уа, Раббымыз! Сен мұны бекерге, мақсатсыз жаратпадың. Сен мақсатсыз, мәнсіз іс істеуден пәксің! Бізді тозақ отынан сақтай гөр!», – дейді.

Алла тағала күллі жаратылыстардан ерекшелеп берген ақылымызды іске қосып Алланың жаратқан жаратылыстарына қарап ой жүгіртуге асығыңыз, бауырым! Әрине, отырысыңыздың соңында Раббыңызды пәктеп, дәріптейтініңіз ақиқат.

Алла тағала баршаларымызды көкірек көзі ояу парасатты мүміндерден етсін!