Рамазан - мейірім айы!

gallery/1435337774_facebook
gallery/1435337799_twitter
gallery/logo 3

Сіз үшін 70 мың періштенің «истиғфар» еткенін қалайсыз ба?

Оныншы күннің амалы:

gallery/bolnica

Бүгінгі Рамазанның оныншы күніндегі жасайтын амалымыз шариғатымыздағы ұлы істерден болып табылады. Асылында, бұл амалды адамдар күнделікті өмірлерінде жүзеге асырып жүр. Оның Алланың құзырындағы сауабы да зор. Кім оны атқарса жәннәт бақшаларына жетелейтін амалды жасаған болды. Ал, кім оны қалдырса, елемесе, ескермесе Қиямет күні Алла тағаланың қаһарына ұшырауы да ықтимал. Ол – науқас кісіні зиярат ету амалы. Ауырып жатқан адамды зиярат етуші адам сол сәтте, яғни науқасқа бара жатқан кезінде жәннәт бақшаларында жүрген болады. Түсіндіре айтсақ, ауруханаға бара жатқан сәтіңізде немесе үйіне қарай адымдаған кезіңізде Алла тағаланың қалауымен жәннәт бақшалары жемістерінің ортасымен жүргізеді. Сіз сол сәтте сезбегеніңізбен, Қиямет күні сол нығметті сыйлары ақиқат. Ардақты Алла елшісінен ﷺ жеткен рияуаттарда науқасты зиярат етуші, сол науқастың жанында отырған сәтінде оны, яғни зиярат етушіні Алланың рақымы қоршайды деген.

Міне, бауырым! Дәл қазір шешім қабылда, егер ертең жәннәт бақшасында серуендегің келсе, егер Раббымыз Алланың рақымы қоршасын десең. Ойланып іздеп көр. Туған-туысқандарыңда, көршілеріңнің ішінен немесе мешіт жамағаттарының арасынан ауырып жатқандар бар ма екен деп. Егер бар болса бүгіннен қалмай зиярат ет, егер осы ақпаратты оқып отырған сәтіңде кеш болып кеткен болса ертеңнен қалдырмай зиярат ет, бауырым!

Иә, айтуыңыз мүмкін туысқандарымның арасында, көршілерімнің ішінде, тіпті араласатын достарымның ішінде ауырып жатқан ешкім жоқ деп. Олай болса, ауруханаларда жатқан жетімдер мен ешкімі жоқ жандарды зиярат еткін. Егер білсеңіз, бауырым! Ауруханада сіз бен біздің апарған сыйлығымызға немесе тамағымызға емес, бір ауыз жүрек жібітер шынайы ыстық ықыласты сөзге мұқтаж жандар бар. Оларды зиярат еткен кезіңізде шынайы мейірімділік дегеннің не екенін сезінесіз.

Науқасты зиярат еткен сәттегі әдептерге тоқтала кетсек. Сіз ауруханада жатқан бір науқас кісіге келген уақытыңызда ең бірінші оған сіз дұға жасауыңыз қажет. «Рахман әрі Рахим Ұлы Алладан сізге шипа сұраймын», – деп 7 мәрте айтыңыз. Сонан соң, арнайы алып барған сыйлығыңызды беріңіз. Одан соң, оның жанына біршама отырыңыз. Шамаңыз жеткенше жақсы әрі жылы сөздер айтып, жүрегіндегі уайымын сәл де болса сейілтуге тырысыңыз. Сабырлық танытуға өсиет етіңіз. Және өз зияратыңыз арқылы науқасқа ауырлық келтіріп қоймаңыз. Оның жанында азғантай уақыт ғана бөгеліңіз. Сабырлық тілеп, жылы сөздеріңізді арнап, дұға етіп шығып кетіңіз.

Білесіз бе, бауырым?! Осы істі жасау арқылы Алланың құзырында қандай сауапқа кенелетініңізді. Әлемдердің Раббысы Алла тағала сіз үшін дұға ететін 70 мың періштені береді. Егер, таңертең барған болсаңыз кеш батқанға дейін сіздің күнәларыңыз бен қателіктеріңіздің кешірілуін тілеп, Аллаға жалбарынып тұрады. Ал, егер кешке барған болсаңыз (аср намазынан соң) таң атқанға дейін сіз үшін Алладан жарылқау тілейтін болады. Ойлаңызшы! Сіз үшін күнәдан пәк, жаратылыстары нұрдан болған періштелер дұға етіп жатыр. Қандай ұлы сауапты іс еді. Кешікпеңіз, жалқауланбаңыз, бүгіннен қалдырмай науқасты зиярат етіңіз.

Пайғамбарымыз ﷺ мұсылманды да, мұсылман еместі те зиярат ететін егер олар ауыра қалса. Осы тәрбиеден сусындаған Әбу Бәкір (Алл ол кісіден разы болсын) күніге бір науқасты зиярат етіп тұратын. Міне, бауырым! Салиқалылардың соңынан ілескіңіз келсе екі дүниенің бақытына бөлейтін амалдан сыртта қалып кетпеңіз.

Алла тағала осы амалды жасауға сәттілігін сыйласын! Науқас кісіге қарай бара жатқан әрбір қадамыңыз үшін күнәларыңызды жарылқап, Өз жанындағы дәрежеңізді өсірсін. Әмин!