Рамазан - мейірім айы!

gallery/1435337774_facebook
gallery/1435337799_twitter
gallery/logo 3

Кешіре сал!

Жиырма үшінші күннің амалы:

gallery/prophetmuhammed_header

Амал дәптерің жабылмай тұрып ізгі,  салихалы амал жасап қал, бауырым! Әр сәтіңді ізгілікке бағындыр. Әрқайсымызда жолдастар мен достар бар, олардың арасында сен араздасып жүргендер болуы мүмкін. Біреумен ренжісіп қалдың, басқасымен ұрысып қалдың, ал біреуді жек көруің де мүмкін, Алла сақтасын. Мүміндер бірін-бір жек көруге рұқсат жоқ, олай істеуге болмайды. Бірақ шайтан мұсылмандардың арасына от салып, оларды бір-бірінен алыстатқысы келеді, сөйтіп олардың арасындағы қарым-қатынасты бір жолата үзгісі келеді. Негізінде, мүмінге бауырымен үш күннен артық ренжісуге болмайды. Бірақ кейбіреуіміз үш күн болады ғой деп созып аламыз, біреуіміз үш күннен асырып жібереміз, ал біреуіміз айлап, жылдап араласпай кетеміз. Неге? Бізге не болды? Бөтен адам емес ол, бауырың ғой. Енді біреулер туған бауырларымен қарым-қатынасты үзген, туыстарымен, нағашыларымен. Кейде көршілермен де араласпай қоятынымыз бар.

Дәл қазір мына нәрсені бойыңа дарыт, ол – кешіре салу, елемей қою, рахымды болу. Алла тағала айтты емес пе:

وَأَن تَعْفُوا أَقْرَبُ لِلتَّقْوَىٰ ۚ وَلَا تَنسَوُا الْفَضْلَ بَيْنَكُمْ ۚ إِنَّ اللَّهَ بِمَا تَعْمَلُونَ بَصِيرٌ

«Кеңшілік етулерің тақуалыққа жақынырақ. Сондай-ақ араларыңда кешірімділікті ұмытпаңдар. Шәксіз Алла тағала не істегендеріңді толық көруші»[1]

Кешіре берсең, тақуалығың арта береді. Алла тағала иманды адамды сипаттай келе былай дейді:

وَالْكَاظِمِينَ الْغَيْظَ وَالْعَافِينَ عَنِ النَّاسِ

«Сондай-ақ олар ашуларын жеңушілер, адамдарды кешірім етушілер»[2]

Алла елшісі ﷺ Әбу Дамдам сияқты бола алатын адам туралы сұраған еді күндердің бір күнінде. Бұл сахабалардың бірі болған. Ол кісінің садақа беретін қаражаты да, заты да болмаған еді. Өзгелерді көріп түндерін мұңмен өткізеді екен. Сол кезде Аллаға жалбарына айтады: «Аллаһым! Менде басқа адамдар секілді садақа беретіндей нәрсе жоқ. Олай болса мен ар-намысымды садақа етемін». Бұл қалай дейсіз ғой?! Әбу Дамдамның өзінен естиік: «Кімде-кім мені жамандаса, балағаттаса, ғайбаттаса, өсектесе сөзсіз мен оны кешіремін»,-дейді. Яғни, «менің сыртымнан сөйлеген адамның күллісін мен кештім»,-деген сөз. Және ұйқыға жатарда жүрегін тексерсе ешбір адам баласына деген жүрегінде кірбеңдік жоқ. Сол кезде пайғамбарымыз ﷺ: «Әбу Дамдам қайда екен?»,-деп сұрағанда, ол: «Менмін»,-деді. Алланың елшісі ﷺ: «Сүйінші! Ей, Әбу Дамдам! Расында, Алла тағала сенің садақаңды қабыл етіп қойды»,-деді.

Бұдан да ұлы дәрежені айтайын ба саған, бауырым?! Әрине, ол үлкен мәртебе Алланың алдында. Саған жамандық қылған адамды кешіре салып, қателігін елемей қоя салғаннан кейін оған қарай жақсылық жасау. Иә, дәл солай. Саған жамандық істеген адамға сен жақсылық жасайсың. Ол жайлы Раббымыз Құранда айтан еді:

وَالْعَافِينَ عَنِ النَّاسِ ۗ وَاللَّهُ يُحِبُّ الْمُحْسِنِينَ

«...адамдарды кешірім етушілер. Алла тағала жақсылық істеушілерді сүйеді»[3]

Хасан әл-Басри, табиғиндердің үлкені, осы ізгі амалды өмірінде істейтін. Қалай дейсіз ғой? Өзі жайлы жаман сөйлейтіндерге, балағаттайтындарға, ғайбат айтатындарға барып өзі сыйлық тарататын. Олар аң-таң болып сыйлықтың не үшін берілу себебін сұрағанда, Хасан әл-Басри былай деп жауап береді: «Сендер маған сауаптарыңды беріп жатсыңдар ғой, мен де сіздерге сыйлық беремін». Не деген тәрбие десеңізші?

Тағы бір оқиға мүміндердің анасы Сафия анамыздың өмірінде де болған. Ол кісінің кешірімділігі мен қателікті елемей қоюу және өзінің хақысында қателескендерге жақсылық жасау дәрежесі қандай болған! Бірде Сафия анамыздың қызметшісі Омар ибн әл-Хаттабқа барып: «Сафия сенбі күнін басқа күндерден артық көреді, яһудилерге бүйрегі бұрып тұрады»,-деп жала жабады. Алайда, Сафия анамыз ондай нәрседен ада, себебі ол кісі мүміндердің анасы ғой. Сол кезде Омар Сафия анамызды шақыртып алып: «Қызметшің айтып тұрғаны рас па?»,-деп сұрағанында, ол кісі: «Бұл нәрсе менің исламды қабылдмай тұрған кезімде еді, ал қазір ондай нәрсе жоқ»,-деп жауап береді. Сафия анамыз қызметшісін шақыртып, сұрақ қояды: «Не үшін бұндай сөз айттың? Осылай айтуыңа не себеп болды?»-деп, сонда әлгі қызметшісі: «Мені шайтан азғырды, бұл шайтаннан келген уәсуәс»-дейді. Сафия анамыз не деп айтқанын білесіз бе? Ол: «Алланың дидары маған сүйіктірек сен азатсың, боссың»,-деп күңін қоя берді.  

Егер біз Алланың кешірімі мен рахымына бөленгіміз келсе біз де кешіре білуіміз керек. Қайсымыз Алланың хақында қателеспейміз, Раббымыздың хақысын дұрыс атқара алмай жүргеніміз қаншама, күнәлар, жаман мінездер, намаздарымыздағы ойларымыз, ораза ұстап ашулануымыз, садақа беріп алып оны міндетсінуіміз, біреудің мінезін көтере алмауымыз т.б. жетерлік. Олай болса дәл осы сәтіңнен бастап барша Алланың жаратылысына кешірімді бол, рахымдылығыңды аяма, ешбір атырған таңың мен батырған кешің қалмасын сенің хақыңда қателескендерді  сен кешірмеген, бауырым!

 

[1] «әл-Бақара» сүресі, 237-аят
[2] «Әли-Имран» сүресі, 134-аят
[3] «Әли-Имран» сүресі, 134-аят