Рамазан - мейірім айы!

gallery/1435337774_facebook
gallery/1435337799_twitter
gallery/logo 3

Айналаңдағыларға қуаныш сыйла!

Жиырма жетінші күннің амалы:

gallery/b2zvw

Алла тағалаға сүйікті амалдардың біріне асыуға шақырамын сені, бауырым! Кейде біз бұл амалға бейқамдық танытудамыз, кейді ұмытып кетеміз, тіпті бұл сауапты істі дінге қатысы жоқ деп те ойлауымыз мүмкін. Ол өте жеңіл амал, алайды Раббымыздың қасындағы сауабы өте зор.

Айналаңдағы адамдарға қарашы, мұңайып отырған, көңіл күйі болмай жатқан, өмірден түңілгендер бар ма? Соның жанына бар да жүрегіне қуаныш сыйла, оны қуандыр, оның көңіліне шаттық ұялат. Егер осы амалды істесең Аллаға ең сүйікті болған амалды істеген боласың. Ойлашы, әлемдердің Раббыса ең сүйікті амалдардың бірі осы екен. Сахих әл-Жәмиғта келген хадисте пайғамбарымыз ﷺ былай деп айтады: «Аллаға ең сүйікті амал – бауырыңның жүрегіне қуаныш сыйлау». Ол бірнеше сөз болуы мүмкін, бауырыңа жақындап, мән-жайды сұрастыр. Не болғанын анықта. Алла тағаланың мүміндер үшін жәннәтта әзірлеп қойған шексіз нығметтерді айт, сынақтың даналығын түсіндір, үміт отын сыйлайтын жылы сөз сөйле, сүйіншісі көп оқиға айтып бер, тағдырға иман жайлы қиссаларды тілге тиек ет, пайғамбарлар мен олардың ізбасарларының басынан өткен сынақтар жайлы баянда, салихалылардың өмірінде орын алған оқиғаларды сөйле. Сынақ Алланың жер бетіне орнатқан заңдылығы екенін әдемілеп жеткіз. Бұл өзгермейтін қағида. Алла тағала кімді жақсы көрсе сынайтынын айтып жеткіз, ұмытса есіне сал. Қайғы мен қасыреттен құтылу жолдарын сол кісіге лайықты болатынын көрсет. Уайым мен мұңды кетіретін амалдарды салихалылардың өмірінен алып мысал келтір.

فَإِنَّ مَعَ الْعُسْرِ يُسْرًا ﴿٥﴾ إِنَّ مَعَ الْعُسْرِ يُسْرًا

«Негізінде ауырлықпен бірге бір жеңілдік бар. (6) Шын мәнінде қиыншылықпен бірге бір оңайлық бар»[1]

Осы аятты түсіндіріп берсең, біршама жеңілдеп қалуы ақиқат. Егер сәл болсада қуанып қалса, онда біл  сол сәттегі бұл ісің Аллаға ең сүйікті. Кейбір адамдар жылы сөзге мұқтаж, кейбіреуі қолынан ұстап, кішкене ғана уақыт бірге болғанын қалайды, кейбіреуі тек қана оны біреу тыңдағанына зәру. Сен оған айтшы: «Ішіңдегі нәрсені сыртқа шығаршы, жеңілдеп қаласың, не болғанын айтшы, мүмкін менің саған көмегім тиер»,-деп. Адам сондай шынайы бауырға мұқтаж болатын сәттерде сенің оның қасынан табылуың керек. Көп сөз айтпа, Алланы бірге еске алыңдар, Алла тағаланың мұсылманға жіберген сынағындағы мақсаты тек қана жақсылық қалау. Алла тараптан мүмін үшін тек жақсылық, одан өзге нәрсе емес. Алла елшісінің мына хадисін айтып бер: пайғамбарымыз ﷺ айтады: «Мұсылманға не кезіксе де, ол мейлі шаршау болсын, ұзақ ауру болсын, мазасыздану болсын, қайғы болсын, қолайсыздық болсын, тіпті, тікенектің шаншығаны болсын, Алла тағала ол үшін міндетті түрде күнәларының бірін кешіріп тастайды».

Алла елшісі ﷺ басқа бір хадисінде былай деген: «Кім мұсылман отбасынан болған үйге қуаныш кіргізсе Алла тағала одан риза болып, оның сыйын жәннәт қана қылады».

Мүмкін ол бауырыңыз қарызға батқан шығар, сол қарызын өтеуге шамасы келмей жатқан шығар?! Мәселе дүниеде емес, мәселе бауырыңа қуаныш сыйлауда, шамаң келгенше көмектес. Ол 1000 теңге болуы мүмкін. Жеткізуші Алла тағала ғой, ризық беруші Алла тағала емес пе? Сізден тек қана әрекет болса болды. Бәлкім, сол әрекетің арқылы Алла тағала қияметте сенің уайымың мен қасіретіңді сейілтеді. Пайғамбарымыздың ﷺ сөзімен айтар болсақ: «Кім мүміннің осы дүниеде бір қайғысын сейілтсе, Алла тағала оның қияметтегі қайғысын сейілтеді». Бауырыңа көмегің тисе Алланың Өзі саған көмектесем деп тұр, және сол арқылы шексіз сауаптар мен мәңгілік нығметтерге бөлейді, сот күні қажетіңді өтейді. Хақ болған қуаныш бар алда, бүгін соған әрекет қылсаң ертең міндетті түрде қуанасың, ол қуаныш дүниедегі қуаныштай емес, ол қуаныш шынайы қуаныш, уақытша қаныш емес ол, мәңгілік қуаныш. Алла тағала Құранда не деп айтқынын тыңдашы:

هَلْ جَزَاءُ الْإِحْسَانِ إِلَّا الْإِحْسَانُ

« Жақсылықтың сыйлығы жақсылық қана»[2]

Көшеде болсын, жұмыста болсын, қоғамдық көлікте болсын, үйіңде болсын қай жерде болсын мұңайып отырған адамды көрдің бе, оның қайғысын сейілтіп, жүрегіне қуаныш сыйлауға тырыс. Жақында да айт: «Не болып қалды, бауырым! Мен саған адалмын, шын ниетіммен саған көмектескім келеді, қажет болса менің дүнием сенікі, үйім де сенікі, сырыңды маған аша берсең болады, маған сен»,-деп. Ол қуанып қалады. Әр күні бір адамның көңіліне шаттық ұялатсақ Алла тағаланың ең сүйікті амалын істеп жүргеніміз болғаны. Раббымыз ондай адамдарға арналған сөзі ешқашан есімізден шықпасын:

إِنَّا لَا نُضِيعُ أَجْرَ مَنْ أَحْسَنَ عَمَلًا

«...амалды жақсылап істеген кісінің еңбегін жоймаймыз»[3], – деген.

 

[1] «әш-Шәрх» сүресі, 5-6 аяттар
[2] «әр-Рахман» сүресі, 60-аят
[3] «әл-Кәһф» сүресі, 29-аят