Рамазан - мейірім айы!

gallery/1435337774_facebook
gallery/1435337799_twitter
gallery/logo 3

Тіліңе абай бол!

Жиырма екінші күннің амалы:

gallery/b4274f3f8651d38d4dc841da438b665a

Дінімізде өте керемет амал бар, ол үлкен сауапты істерге жатады. Оразаңның бір күнінде осы амалға көбірек көңіл бөліп көрші. Өзіңді бір сынап көр, өте аласың ба, жоқ па? Бұл амалды сахабалар істеген еді. Әбу Бәкір әс-Сыддық солардың айқын әрі көркем көрінісі. Ол – тіліңді сақтау. Тілді неден сақтауға болады, не себепті тілімізді сақтаймыз, тілді белгілі бір нәрседен сақтау керек пе сонда? Осы және басқа да тілге қатысты сұрақтардың жауабы анық, тілімізді Аллаға ұнамайтын, жағымсыз сөздерден сақтау, ондай сөздерден аулақ болу. Әбу Бәкір өз тілін Раббымызға ұнамсыз нәрселерден тыя білген бірден-бір қайталанбас тұлға. Тіпті, Омар ибн әл-Хаттабтың өзі ол кісінің тіліне беріктігіне таң қалады екен. Әбу Бәкірдің тіліне беріктігі соншалық харам мен халалды айтпағанда күмәнді нәрселерден де аулақ болатын. Осыншама сауапқа ие ұлы тұлға Әбу Бәкірдің өзі тіліне сақ болған. Ал біз ше?... Ол пайғамбарлардан ﷺ кейін тұратын адам. Оны Алла тағаланың өзі шыншыл деп білген. Ендеше, сен дәл осы сәтіңнен бастап тіліңе сақтықпен қара. Жиырма төрт сағат бойы тек қана Раббыңды разы қылатын сөз сөйле.

Ғайбат, өсек, мазақ, біреуге тіл тигізу, тәлкек, келеке, келемеж, ажуа, өтірік, жалған анттар, сөгу, лағнет, қарғыс осының бәрінен сенің тілің аман болуы керек. Жаратушымыз ақтамаған сөздерден тіліңді аулақ қыл.

مَا يَلْفِظُ مِن قَوْلٍ إِلا لَدَيْهِ رَقِيبٌ عَتِيدٌ

«Аузынан бір сөз шығарса-ақ болды, алдында аңдушы дайын»[1],-деп айтқан тәрбие сөзі де осыған дәлел.

Әрбір екі тістің арасынан шыққан сөзің тіркелуде. Сақ бол, барлығы жазылып жатыр. Бір сөзің үшін жәннәттің биік дәрежелеріне қол жеткізесің, я болмаса тозақтың ең түбіне түсесің. Соны бір сәтке де есіңнен шығарма. Не Алланың разылығы мен алғысына бөленесің бір ғана сөзіңмен, не ашуы мен қарғысына ұшырайсың Раббыңның. Абдулла ибн Масғуд (Алла ол кісіден разы болсын) айтады: «Дүниеде абақтыға қамап ұстауға ең лайықты нәрсе ол – тіл». Біздің кемшілігіміз пайдалы болсын, пайдасыз болсын сөйлей беру. Көшеде, үйде, дүкенде, ұялы телефонымызбен үздіксіз сөйлеудеміз. Бұл нәрсе мүлдем сөйлеуге болмайды деген сөз емес, алайда не жайлы сөйлеп жатырсың, не үшін сөйле жатырсың сода. Алла елшісі ﷺ: «Кім Аллаға және ақырет күніне иман келтірген болса жақсы сөз сөйлесін немесе үндемесін». Омар ибн әл-Хаттаб Худайбияда Алла елшісімен ﷺ келіспей қалған еді. Соны өзі баяндап, былай дейді: «Өмір бақи қандай да бір салихалы амал жасасам сол амалым Алла елшісіне ﷺ айтып қалған сөзімнің кәффраты (өтемі) болды ма болмады ма білмеймін?». Өзің ойлашы, өмір бойы бір айтып қалған сөзіне өкінген олар.

Жиырма төрт сағат бойына өзіңе шарт қой, егер өсек, ғайбат айтып қалсам дереу оның өтемі ретінде 1000 теңге садақа беремін деп. Осы шартты орындасаң жаман сөзден тыйылырың анық. Халқымызда сөз бар ғой: «Үндемеген үйдей бәледен құтылады» деген. Біреуді жұмаққа кіргізетін де, тозаққа кіргізетін осы сөз. «Лә иләһә иллаллаһ» сөзі адамды Алланың рұқсатымен мәңгі жұмаққа кіргізеді, тура сол секілді Аллаға ұнамайтын сөз де. Пайғамбарымыз ﷺ: «Кімде-кім маған екі жағы мен екі аяғының арасына кепілдік бере алса, мен оған жәннәттқа кепілдік беремін»,-деген. Ғұламалар бұл хадистегі екі жақтың арасындағы нәрсе тілі мен екі аяқтың арасындағы нәрсе ұятты мүшесі деп түсіндірген. «Он күнәнің тоғызы тілден екен»,-деген де сөз қалған.

Кейбір адамдар керемет батыр болуы мүмкін, тепсе темір үзетін өжет болуы да әбден мүмкін, бірақ тіліне ие бола алмайды, ес-түссіз сөйлей береді, ешбір пайдасы жоқ қалжыңдары өте көп. Алла тағала ескертеді:

يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آَمَنُوا اتَّقُوا اللَّهَ وَقُولُوا قَوْلاً سَدِيداً

«Әй, мүміндер! Алладан қорқыңдар да дұрыс сөз сөйлеңдер»[2],-деп.

Сенде күніне жиырма төрт-ақ сағат бар. Сол 24  сағатыңды тек қана жақсы сөзбен толтырамын деген уәдеге берік бол. Бұл өте үлкен сауапты іс болмақ. Тасбих айт, зікірді көп айт, жақсылыққа шақыр, жамандықтан тый, адамдарға насихат айт, уақытыңды бос сөзбен өткізбе. Босай қалсаң зікір айт, дәрежең өседі. Егер осы нәрсеге берік, бекем болсаң онда біліп қой ұзындығын айтпағанда енінің өзі көктер мен жердей болған жәннәтқа қарай басқан қадамдарыңның бірі болмақ. Тіліңді сақта, бауырым!

 

[1] «Қаф» сүресі, 18-аят
[2] «әл-Ахзаб» сүресі, 70-аят