Рамазан - мейірім айы!

gallery/1435337774_facebook
gallery/1435337799_twitter
gallery/logo 3

Құрандағы қысқа сүрелерді түсінуге әрекет қыл!

Жиырма бірінші күннің амалы:

gallery/121546465

Намаз оқығанымызға біршама уақыт болса да, Құраннан жаттаған сүрелеріміз аз болып тұр. Баршамыз намаздарымызда қысқа сүрелерді жатқа оқи аламыз. Құран Кәрімдегі қысқа сүрелер деп – «әд-Духа» сүресінен бастап «ән-Нәс» сүресіне дейінгі аралықты атайды. «Қул һуАлла»-ны оқимыз, «әл-Фәләқ», «әл-Кәусар», «әл-Фил» сүрелерін оқимыз алайда, мағыналарын түсінеміз бе? Намазда не жайлы оқып жатқанымызды ұғынып тұрамыз ба, сол арқылы Алла тағалаға деген махаббатымыз бен Раббымыздан қорқуымыз артып жатыр ма?

Алдымен көптеген адамдардан «духа», «ләйл», «мурият», «муғирот», «әбтар», «хуср» сөздерінің мағынасын білесіз бе деп сұрағанда, олар білмейтіндігін айтады. Бұл сөздер біздер күнделікті намаздарымызда оқитын сүрелердің сөздері ғой. Сонда біз намазда не жайлы оқып тұрғанымызды түсінбегеніміз бе? Қалайша, Раббымыздың біздерге жіберген кітабын түсінбей оқимыз, жоқ әлде оны түсінбей оқу керек пе? Әлбетте олай емес. Мұсылмандардың көпшілігі «ән-Нәс», «әл-Фәләқ», «әл-Кәусар», «әд-Духа» сүрелерінде Алла тағала не айтып жатқанын білмейді. Сен де солардың қатарында болсаң, бауырым, бүгіннен бастап бір сағат болса да Құранның мағыналарына көңіл бөліп, ден қой. Рамазанның күндерін Құранға арна.

Таң мен кеште оқылатын дұғалардың арасында «әл-Фәләқ» және «ән-Нәс» сүрелері де бар. Оларды біздің көпшілігіміз оқимыз, алайда мағыналарын біле қоймаймыз. Алладан қандай нәрселерден пана тілеп жатқанымызды да аңғармаймыз.

﴾قُلْ أَعُوذُ بِرَبِّ الْفَلَقِ ﴿١﴾ مِن شَرِّ مَا خَلَقَ ﴿٢﴾ وَمِن شَرِّ غَاسِقٍ إِذَا وَقَبَ ﴿٣﴾ وَمِن شَرِّ النَّفَّاثَاتِ فِي الْعُقَدِ ﴿٤﴾ وَمِن شَرِّ حَاسِدٍ إِذَا حَسَدَ ﴿٥﴿

(Ей, Мұхаммед ﷺ): «Айт! Таңның Раббына сиынамын,» (2) «Жаратқан нәрселерінің кесірінен,» (3) «Қараңғылық басқан сәтте, түннің кесірінен,» (4) «Түйіншектерге дем салушылардың кесірінен,» (5) «Күншілдердің кесірінен, ол күндеген сәтте (сиынамын)» деп[1]

﴾قُلْ أَعُوذُ بِرَبِّ النَّاسِ ﴿١﴾ مَلِكِ النَّاسِ ﴿٢﴾ إِلَـٰهِ النَّاسِ﴿٣﴾ مِن شَرِّ الْوَسْوَاسِ الْخَنَّاسِ ﴿٤﴾ الَّذِي يُوَسْوِسُ فِي صُدُورِ النَّاسِ ﴿٥﴾ مِنَ الْجِنَّةِ وَالنَّاسِ ﴿٦

(Ей, Мұхаммед ﷺ): «Айт! Адамдардың Раббына,» (2) «Адамдардың иесіне,» (3) «Адамдардың Тәңіріне,» (4) «Сыбырлап азғырушының кесірінен,» (5) «Сондай адамдардың көкейлеріне салатын;» (6) «Мейлі жыннан, мейлі адамдардан болсын, (бүкіл азғырушылардың кесірінен Аллаға) сиынамын»,-деп[2]

Осы екі сүренің мағыналарын түсініп оқу әрбір мұсылман адамның борышы. Құрандағы ең қысқа сүрені білесіз бе? Ол – «әл-Кәусар» сүресі. Осы сүреде Алла тағала не деп айтып жатқанын бәлесіз бе? Кәусар деген не сөз, ол не мағынаны береді, кімге қатысты айтылған, не себепті түскен ол сүре? Білмесек бүгіннен бастап соған кірісейік.

Құранның сүрелерін оқыған кезімізде Жаратқан Раббымыздың сөзі екенін және ол тек қана хақты сөйлейтінін, біздерге насихат ретінде түскенін сезінуіміз керек. Тіпті, Құрандағы ең қысқа сүренің мағынасын көпшілік мұсылмандар біле қоймайды, оның төңірегінде үлкен сұрақ белгісі тұр. Бұл Құран Алланың сөзі, бұл Құран тек қана оқылып қана қойылатын кітап емес, марқұмдарға ғана бағышталып қойылатын кітап емес, бұл Құран әлемдердің Раббысының адамзат баласына жіберген хаты, әлемдердің Раббысының мәртебелі сөзі және ол сіздің үйіңізде тұр. Бұдан асқан бақыт бар ма? Және оны түсініп оқуымыз керек, сол арқылы жүректерімізді жібітуіміз керек, жәннатқа жетелейтін амалдарға асығып, тозаққа жақындататын амалдардан қашуымыз керек. Міне, бұл Құран қандай кітап.

Алла тағала айтады:

أَفَلَا يَتَدَبَّرُونَ الْقُرْآنَ أَمْ عَلَىٰ قُلُوبٍ أَقْفَالُهَا

«Әйтпесе олар, Құранды түсінбей ме? Немесе олардың жүректері құлыптаулы ма?»[3]               

Құранды оқыған кезімізде ойлануымыз қажет. Ал, мағынасын білмесек қалайша ой жүгіртеміз? Дәл осы сәттен Құран кітапты алып, қазақша мағыналық аудармасын қоса алып қысқа сүрелерді түсінуге талпын, иманды бауырым! Бұдан кейін отбасыға да үйрет, бала-шағаларыңа да түсіндір. Саған «әл-Бақара» немесе «Әли Имран» сүрелерін оқып, түсін деп жатқан жоқпыз, қысқа сүрелерден баста, өзің күнделікті намазыңда оқитын сүрелерден басташы, одан артық емес әзірше. Ол кейінірек болады Алла қаласа. Мешітте имам және үйде өзің оқитын сүрелерді түсініп, ойланып, оған амал етуге тырыс. Бұның барлығы Раббыңның сөзін түсініп, шынайы ойлануың үшін екі дүнеиеде де ауай қажет, бауырым!

 

[1] «әл-Фәләқ» сүресі, 1-5 аяттар
[2] «ән-Нәс» сүресі, 1-6 аяттар
[3] «Мухаммәд» сүресі, 24-аят