Рамазан - мейірім айы!

gallery/1435337774_facebook
gallery/1435337799_twitter
gallery/logo 3

Жолдағы кедергіні алып таста!

Жиырма бесінші күннің амалы:

gallery/main

Бауырым, бір амал жайлы хабар берейін бе саған, ол амал енінің өзі көктер мен жердің көлеміндей болған мәңгілік жәннәтқа кіруіңе себеп болады. Ол сондай жеңіл амал, көпшілік оған мән бермей жүруі де мүмкін. Тіпті кейбір адамдар бұл амалдың дінге ешқандай қатысы жоқ деп те ойлауы мүмкін. Алайда Алла елшісі ﷺ бұл амалды діннен емес бәлкім иманнан екенін баяндап берген. Пайғамбарымыз ﷺ: «Иман алпыс немесе жетпіс және бірнеше тармақтан тұрады оның ең жоғарғысы – «Лә иләһә иллАллаһ» сөзі, ең төменгісі – жолдағы кедергіні алып тасату»,-деп айтқан. Үйімізден жұмысқа қарай, мектепке қарай, дүкенге қарай, мешітке қарай шыққанымызда жолда қаншалаған кедергілерді көрдік. Жаяу жүргіншілердің жолын бөгеп тұрған немесе оларға кедергі жасап тұрған нәрселерді көп рет көрдік емес пе? Кейде жолдағы қоқысты көреміз, көлік жолындағы шеге, үшкір заттар, әйнектің сынығы, өлген мысық, ит т.б. көреміз.

Шіркін-ай! Сол кедергіні алып тастауға талпынаса ғой мұсылмандар. Көлігінен түсіп, ерінбей алып тастаса еді. Асығыс болсаңыз да, көлігіңізден түсіп, алып тастай салыңыз, әрі кетсе 1-2 минут уақытыңыз кетер. Егер сіз көлігіңізден түсіп жолдағы кедергіні алып тастамасаңыз басқа біреу сол кедергінің кесірінен жол апатына ұшырауы мүмкін немесе көлігіне зақым тиюі әбден ықтимал. Ал егер сен алып тастағаныңда болмас па еді бұл жағдай. Өзің ойлап көрші осы ісің арқылы мейірімі шексіз болған Алла тағала саған мәңгілік жәннәтты тағдыр етуі мүмкін. Оған дәлел ретінде Алла елшісі ﷺ бір қиссаны баян етеді: «Бірде бір кісі жолда жатқан ағашты көреді, ол ағаш жаяу жүргіншілерге бөгет болып жақанын байқап, оны жолдан алып тастайды. Сол сәтінде ол кісіні ешкім көріп тұрған жоқ, суретке түсіріп жатқан жоқ, ешкім оны теледидардан да көрсетіп жатқан жоқ, газет-журналдан жариялап жатқан да жоқ, бірде-бір адам ол кісіні мақтап та жатқан жоқ. Не себепті алып тастады ағашты? Не себепті? Ол кісі бұл іске итермелеген әлемдердің Раббысының ризалығы, Алла тағаланың көргені жетіп асады ол салихалы жанға. Ниеті – адамдардың жолын бөгеп тұрған затты алып тастау. Алла тағала сол ниетін көріп, бүкіл күнәларын кешіріп тастап, жұмаққа кіргізе салды. Не деген нәрсе бұл, керемет емес пе?! Тіпті Алла елшісі ﷺ ол кісі жайлы риуаят етіп жұмақта рахаттанып жатқанын жеткізді.

إِنَّا لَا نُضِيعُ أَجْرَ مَنْ أَحْسَنَ عَمَلًا

«...амалды жақсылап істеген кісінің еңбегін жоймаймыз»[1]

Ізгі амал шаңның тозаңындай болса да адам оның сауабын қияметте көреді. Алла тағала айтады:

فَمَن يَعْمَلْ مِثْقَالَ ذَرَّةٍ خَيْرًا يَرَهُ

«Сонда кім тозаңның түйірінің салмағындай жақсылық істеген болса, ол оны көреді»[2]

Мұсылмандардың және барша адамзаттың жолын тазарту сауапты іс емес пе? Кез келген адам кедергінің болмағанын жақсы көреді. Бәлкім, сіз алып тастаған кедергі қаншалаған адамның өмірін бір сітке болса да жеңілдетеді. Сіз бөгетті алып тастаған кезіңізде сол адамдар сізді көрмеуі де мүмкін, ол маңызды емес Раббымыз көріп тұрғаны жеткілікті. Өйткені сый-сыяпат пен сауыпты беретін Ол. Көз бояушылық пен адамдардың алғысы қажет емес бізге, ол біздің мақсатымыз емес. Мақсатымыз Алланың алғысы мен разылығына бөлену, бауырым! Қияметте ол жақсылық Алла қаласа он есе болып, тіпті одан да көп есе қайтарылса бізден асқан бақытты адам болмайды. Жақсылық жасауға асығайық!

 

[1] «әл-Кәһф» сүресі, 29-аят
[2] «әз-Зилзәлә» сүресі, 7-аят