Рамазан - мейірім айы!

gallery/1435337774_facebook
gallery/1435337799_twitter
gallery/logo 3

Әр істе сауапқа кенелуге болады

Жиырма алтыншы күннің амалы:

gallery/maxresdefault (1)

Сенімен бүгін бір амалды үйренеміз, бауырым! Бұл амал жүрекпен атқарылатын амал. Сенің жұмысың бар болғаны жүрегіңе әркез үңіліп, оны бақылауда ұстауың ғана. Терлеп, шаршап-шалдығып істейтін ештеңесі жоқ, тек қана жүрегің Аллаға ұнамды хәлде болғаны. Бұл амал қандай амал дейсің ғой?! Ол – әрдайым ниетіңді дұрыстау. Сол арқылы сауапқа кенеле бересің.

Мәселен, баршамыз ұйықтаймыз, тамақтанамыз, сусын ішеміз, киім киеміз, үйден жұмысқа барамыз, базарлаймыз, дүкенге барамыз, туысқандарымызды аралаймыз бұның барлығы күнделікті жасайтын амалдарымыз емес пе? Білесің бе, бауырым, осы нәрсенің барлығын құлшылыққа айналдырып жүберуге болатынын? Сен күнделікті атқарып жүрген істеріңнің барлығы Алланың алдында ғибадат болып кетуін қалайсың ба? Ұйқыңның өзі құлшылық болып, түгелімен сауапқа айналып кетуі әбден мүмкін, тамақтану арқылы сауапқа кенеле бересің, су ішсең сауап жинай бересің, тіпті киім кию арқылы саубыңды арттыра беруіңе болады. Қалайша дейсің ғой? Бір ғана шарты бар, сол амалды бастамас бұрын Алланың разылығы деген ниет әзір болу керек. Яғни, ниетің әлемдердің Раббысы Алла тағала риза болса болды.

Шариғат амалдарды үкімі жағынан бірнеше түрге бөліп қарастырады, олар: уәжіб, харам, мустахаб, мәкруһ, мубах. Өміріміздегі көпшілік амалдар мубах[1] үкімінде. Дүниеде мубах амалдарды көптеп жасағаннан кейін сауаптан құр қалудамыз. Қаншалаған амалдарымыз сауапсыз кетіп жатыр. 

Алла елшісі ﷺ мына бір оқиғаны біздерге баяндайды: «Дүние-мал берілген адамдар тек қана төрт түрлі халде болады: Біріншісін Алла тағала мал-дүние мен біліммен ризықтандырды, ол Раббысынан абайлап, қорқып, туыстық қарым-қатынасты үзбей, мал-дүниенің хақысын беруді біледі, міне осы ең абзал дәрежеде. Екіншісіне Алла тағала білім нәсіп етті, бірақ-та мал-дүниемен ризықтандырмады, алайда оның шынайы ниеті бар, ол былай деп айтады: «Егер менде мал-дүние болса ғой, мен міндетті түрде пәленшенің амалын істер едім», және оның ниеті рас, міне, осы екеуінің сауабы бірдей...». Яғни, Алла тағала саған мал дүние бермесе де сен ниеттене бер, сол шынайы ниетің үшін мешіт салған, садақа берген, көпір салған, міскіндерді тамақтандырған адамның сауабын сен де толығымен ала аласың, бауырым! Тек қана ниетіңде шынайы бол.

Тамақтанған сәтіңде былай деп ниет қыл: «Раббым! Мына тамақтануым ертеңгі оразаны ұстау үшін немесе мына ауқаттануым сен бұйырған намаз бен басқа да құлшылықтарды орындау үшін, мешітке барып білім алуым үшін, науқас бауырым болса соны зиярат ету үшін, жаназаға қатыса алуым үшін, ата-анамның қызметінде болуым үшін, туысқандардың хақысын беру үшін»,-деп. Егер дұрыс тамақтанбасаң бұның барлығын жүзеге асыру қиын болып қалады. Сондықтан тамақтанудың өзін құлшылыққа айналдыруға болады.

Бала-шағаңды, отбасыңа қажетті нәрселерді базардан барып алуыңның өзі садақалардың ең абзалы бола алады, тек ниетің рас болса болғаны. Пайғамбарымыз ﷺ бұл жайлы хабар берген еді. Ең хайырлы садақа – өз отбасыңа берген садақаң. Әрбір жұмсаған теңгеңі Алла тағала сауап қылып жаза салады. Өзің ойлашы, бір ғана шарты бар ол ниеттің дұрыстығы.

Тіпті ойынның өзін Алла тағала үшін жасаған ғибадатқа айналдыруға болады. Қалай десең, бауырларыңмен өзара бауырмалдықты арттыру мақсатында, сүйіспеншілікті қуаттау үшін, байланысты күшейту үшін ойнаған ойының құлшылық болып кетуі әп сеттегі шаруа. Ниетіңді турала, болғаны. Бала-шағаңмен қыдыру, ойнау, көңіл көтеру де саған сауап болып жазылады, егер ниетің Алла разылығы болса. Себебі Алла елшісі ﷺ хадистерінің бірінде: «Сендердің жақсыларың – өз отбасына жақсы болғандарың»,-деген. Демек, қарапайым күнделікті істеріңмен Алланың разылығына кенеліп, мол сауаптарға қол жеткізуге болады екен, бауырым! Міне, ислам діні қандай дін. Ислам – кеңшілік пен мейірімге толы дін, ислам – екі дүниенің бақытына жетелейтін дін. Кім Аллаға қарай ұмтылса болғаны, Раббымыз оның жәннәтқа деген жолын жеп-жеңіл қылады. Әрбір істе, әрбір амалда ниетімізді дұрыстап, шынайылығымызды шыңдап әлемдердің Раббысының ризалығын алуға асығайық, иманды жан!

 

[1] Шариғат тыйым салмаған және бұйырмаған істер.
ны істегені үшін сауап алмайды және істемегені үшін жазаланбайды.