Рамазан - мейірім айы!

gallery/1435337774_facebook
gallery/1435337799_twitter
gallery/logo 3

Насихат айтуға асық!

Жиырмасыншы күннің амалы:

gallery/mentor

Бүгінгі сіздермен атқаратын амалымыз өте маңызды. Соны бірге жасап көрейік. Біздер көптеген отырыстар мен жиындарда достарымызбен, туған-туыстарымызбен, сыныптастарымызбен, әріптестерімізбен бас қосамыз. Ондай басқосулар өмірімізде көптеп орын алған, әлі де жалғасын табуда. Біріміз жұмыста, біріміз мектепте, біріміз колледжде, біріміз университетте, біріміз қоғамдық жерлерде әрдайым әңгімелесудеміз. Осындай жиындар мен басқосулар күніге қайталанып жүр емес пе? Иә, әлбетте. Ал енді Алла тағаланың осындай басқосуларға қатысты айтары бар, соған назар аударшы, бауырым!

وَالَّذِينَ هُمْ عَنِ اللَّغْوِ مُعْرِضُونَ

«Олар (мүміндер) бос нәрселерден аулақ болады»[1]

Міне, нағыз мүмін (Аллаға шынайы иман келтірген) адам қандай болу керек. Алланың дінін, Құранын, пайғамбарын жамандап, мойындамайтын-дардың арасында болуыңа рұқсат жоқ. Бос сөздер, пайдасыз әңгімлер, өсектер, жалалар, ғайбаттар айтылатын орында сен болмауың тиіс. Ал егер олармен басқосу сенің еркіңнен тыс болып қалған жағдайда не істейсің? Мұндайда, бастама сенен шығу керек. Сен бұл отырыстың сәнін келтіруің ләзім болады. Алла елшісі ﷺ айтқандай: «Кімде-кім қандай-да бір басқосуда  Алланы еске алмай тарасса, қиямет күні оларға өкініш болады». Осы хадиске амал қылсаң өзіңді де, өзгелерді де аман алып қаласың.

Олай болса, Алланы ұлықтап, пәктеп, дәріптеуге шақыр адамдарды. Сен бастамасаң, кім бастайды? Бірінші сенен шығу керек бұл нәрсе, сен мүмінсің ғой, Аллаға шынайы сенген иманды жан емессің бе? Мәселен, отбасыңмен дастархан басында Алланы еске ал, Құранның аятын айт, пайғамбарымызың ﷺ хадисін жеткіз. Қайда болсаң да Алланы зікір ет, жұмыста да, көлікте де, мектепте де қайда жүрсең де. Мысалға, бір отырыста бауырларыңа: «Алла елшісінің ﷺ мына хадисін естідіңіздер ме?»,-деп сөзіңді баста, «пайғамбарымыз ﷺ былай деген екен»,-деп баста, қысылма. Алла елшісі ﷺ: «Расында мен күніне жүз мәрте истиғфар айтамын»,-деген.

Кейбір адамдар насихат айтуға ұялады екен. Не үшін ұялады? Айтатындары: «жеткізе алмаймын, шешендігім жетпейді, қысыламын» т.б. Бір сағаттық уағыз айту шарт емес қой, бауырым. Бір аят айт немесе бір хадис айт, я болмаса бір ғалымның сөзін айт. Сөйтіп-сөйтіп үйренесің. Бірден көп насихат айта берме, жалықтырып аларсың. Газеттен немесе журналдан оқыған мақаланы айтып бер, интернет парақшаларынан оқыған қызықты ғибратты әңгіме айтып бер, мешіт имамынан естіген уағызды айтып бер, шамаң келгенше айт, жеткіз. Қызықтыр, жалықтырып алма. Жай-жай үйреніп, дағдыланасың. Бірден «мынау харам, анау харам»,-деп шошытпа, жақсылыққа шақыр, жамандықтан қайтар, асықпа.

Алғашқы қадамың қиын болып көрінуі мүмкін бірақ, мойыма екінші қадамың бұдан жеңіл болады, үшіншісі одан да жеңіл солай үйрене бересің, үйрене бересің. Не деген керемет нәрсе адамдарға Жаратуышысы жайлы сөйлеу, насихат айту. Жамандық атаулыдан қайтарып, ізгілік пен тазалыққа, жақсылыққа жол бастау, нендей ғажап нәрсе бұл?! Алла тағаланың өзі Құранда айтқандай:

وَمَنْ أَحْسَنُ قَوْلًا مِّمَّن دَعَا إِلَى اللَّهِ وَعَمِلَ صَالِحًا وَقَالَ إِنَّنِي مِنَ الْمُسْلِمِينَ

«Шын! Мен мұсылмандарданмын»,-деп, Аллаға шақыра отырып ізгі іс істеген кісіден сөз тұрғысынан жақсы кім бола алады?»[2]

Бүгіннен бастап адамдарды ізгілікке шақыруға әрекет қыл. Бір топ адам жиналып қалдыңдар ма, кідірместен бір насихат айт. Жақсылыққа үнде, бұл пайғамбарымыздың ﷺ жолы, ізгі салихалы жандардың жолы. Сен де солардың қатарына қосыл, ұялма, Аллаға тәуекел ет! Халыққа Аллаларын таныстыр, Оның адамдарға деген махаббатын жеткіз, иман келтіріп, салихалы амал жасағандар үшін мәңгілік жәннаттың дайын тұрғаны жайлы сүйінші айт, Аллаға бойсұнбай, жер бетінде бұзақылық жасайтындарға жалындаған тозақ отының әзір тұрғанын жеткіз. Бұл бүкіл пайғамбарлардың сүннеті. Сен қатысқан отырыстар мен басқосулар пайдасыз, бос нәрселермен өтпесін десең, онда насихат айт та, Алланың разылығын ұтып ал, бауырым! АҚИҚАТТЫ АҚИҚАТТЫҒЫ ҮШІН НАСИХАТТА, БІРАҚ ӨЗ МІНЕЗІҢ МЕН ТАБИҒАТЫҢЫДЫ КІРІСТІРМЕ. Дәл осы сәттен баста, аз білемін деме, Алланың алдында оның өте үлкен нәрсе екенін ұмытпа. Сен қатысқан бас қосу берекелі болсын, бауырым!

 

[1] «әл-Муминун» сүресі, 3-аят
[2] «Фуссилат» сүресі, 33-аят