Рамазан - мейірім айы!

gallery/1435337774_facebook
gallery/1435337799_twitter
gallery/logo 3

Аллаға ұнамайтын амалдан болған темекіні тастаңыз!

Немесе өз бойыңыздағы ұнамсыз амалмен күресіңіз!

Жетінші күннің амалы:

gallery/temeki

Бүгінгі амал Аллаға ұнамайтын амалдардан болған темекі тастауға немесе бойымыздағы ұнамсыз қасиеттермен күресуге арналады.

Құрметті бауырым! Сіз Алланың қалауымен намаз оқып жүрсіз делік, ораза да ұстайсыз, Құранды да қалдырмай оқып жүрсіз, садақаңызда бар шығар таратып жатқан. Жалпы алғанда Алланың дінінің міндеттерін орындап жүрген жансыз. Бірақ та, Әлемдердің Раббысына көрсетіп тұрып, біліп тұрып жасап жүрген күнәңіз бар. Ол қандай күнә екенін білесіз бе? Темекі! Темекі шегу күмәнсіз Алланың алдындағы күнә болып жазылады. Қасиетті Құранның «Ағраф» сүресінің 157-аятында:

وَيُحَرِّمُ عَلَيْهِمُ الْخَبائِثَ

«Оларға...лас һәм зиянды нәрселерді арам қылады», – деп ескертілген хабар бар. Демек, барлық лас әрі зиянды нәрсе арам. Жейтіні де, ішетіні де, қолданылатыны да арам. Міне, сондықтан да Ардақты Алла елшісі (с.ғ.с.): «Адам өзіне де өзгеге де зиян бермесін», – деп қатаң түрде ескертеді. Еш күмәніңіз болмасын бауырым, темекі зиянды нәрсе екеніне. Яғни, денсаулыққа, тыныс алу жолдарына, қан айналымына, теріңізге зияны өте көп. Бүгінгі күні жүзден астам аурудың осы темекі түтінінің кесірінен екені белгілі.

Жарайды! Өз денсаулығыңызға жаныңыз ашымайды екен, онда басқа зияндарын да ашып көрелік. Ол сіздің күнделікті тапқан табысыңызға шығын келтіруде. Дүниеңізді өзіңізге зиянды нәрсеге жұмсаудасыз. Ал, бұл өз кезегінде ысырап болып саналады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) ысырапшылықтан қайтарған, тыйған қатаң түрде.

Бауырым! Жылына миллиондаған адамдар осы темекенің кесірінен көз жұмуда. Иә, егер сөзіме күмәндансаңыз интернетті ашып қараңыз статистиканы. Демек, сіз егер темекі шегушілерден болсаңыз күніге дүниеңізге, денсаулығыңызға зиян берудесіз. Тек өзіңізге ғана емес қоршаған ортаға да зиян шектіріп жатырсыз. Әрбір мәрте темекіні тұтатқан сайын жаныңызда тұрғандарды өлімге итермелеудесіз. Осыны білесіз бе?!

Алла тағала Құран Кәрімнің «Ниса» сүресінің 29-аятында:

وَلَا تَقْتُلُوا أَنْفُسَكُمْ

«Өз өздеріңді өлтірмеңдер», – деп қатаң түрде ескертеді.

Бауырым! Сен әрбір мәрте темекіңді тұтатқан кезде өзіңді өлтіріп жатқаныңды еске ал! Кішкене ғана шылым сенің өміріңді белгілі бір мерзімге қысқартуда. Ойлап көрші өзің, күніге бір қорабын пайдаланатындар өмірлерін қаншама жылдарға қысқартып жатқанын.

Алла сақтасын! Біреулер бар ораза ұстап жүреді де ақшам намазына азан шақырылысымен ең бірінші суға немесе құрмаға жүгірмейді. Керісінше далаға шығып шылым тартуға кіріседі. Сол сәтті тіпті тағатсыздана күтеді. Адамды осыншалықты деңгейге түсіретін нендей жаман ауру еді бұл?!

Бауырым! Өзіңді қандай зиянды әдетпен жазалағансың! Кеш батып тарауық намазының уақыты келгенде дәрет аласың да мешітке барасың. Ал, сенен жаңа ғана шеккен темекіңнің жаман сасық исі шығып тұр. Айналаңдағы бауырларыңа қаншалықты зиян бергеніңді білсең ғой! Жарайды, мешітке бармадыңыз делік. Үйде оқырмын намазды дерсіз мүмкін маған. Бірақ, сол улы сасық исіңізді сіздің жұбайыңыз, балаларыңыз, отбасыңыздың әрбір мүшелері иіскеп жатыр ғой. Әлде өзіңмен қоймай, оларды да қабірге ерте кіргізуге асығып жүрсің бе?!

Егер осы жоғарыда айтқандарымның барлығы ақиқат болмаса, ең болмағанда темекінің бір пайдасын келтірші. Жоқ қой, бауырым!

Құрметті бауырым! Дәл осы сәттен бастап, осы мәтінді оқып отырған сәтіңізден бастап өзіңізге келісім беріңіз «темекіні аузыма да алмаймын», – деп. Егер әлеуметтік желілерді қолданатын болсаңыз – Бүгіннен бастап, дәл осы сәттен бастап мен темекіні тастадым – деп жақсылыққа қарай қадам басқаныңызды жариялаңыз. Мүмкін сіз арқылы қаншама адамдар арыла алмай жүрген зиянды әрекеттерінен арылар.

Бауырым! Сені сүйіншілейін! Басында оны тастау ауыр көрінеді. Бірақ, Әлемдердің Раббысы оны жеңілдетеді. Күмәніңіз болмасын оған. Себебі, сіз Аллаға ұнамағаны үшін бір күнәңізді тастап жатырсыз.

Бүгіннен бастаңыз бауырым, жаман амалыңызды тастауды! Кім айтты сізге темекі күндіз «арам» да, ал түнде «адал» деп. Бұл әрдайым арам етілген нәрсе. Не пайда күндіздің бір бөлігінде ораза болғаныңыз үшін тастап, кеш батысымен қайтадан Аллаға ұнамайтын істі жасап тұрсаңыз. Дүниеңізді ысырап ету арам, денсаулықты құртатын нәрсе арам, өзіңді өзің өлтіру арам! Бұл ғұламалардың сөздері. Мұның барлығына Құран мен сүннеттен дәлелдер толып тұр. Енді осыдан кейін қандай шығар жол іздейсің ей, Алланың құлы!

Саған жасамаған жақсылығы қалмаған Алла тағалаға жақындағың келе ме? Онда шынайы түрде тәубе қыл! Алла тағала барша күнәларыңды жақсылықтарға ауыстырып береді. Қанша жылдан бері темекі шегіп келесіз? 20 әлде 30 жылдан бері ме? Соншама жылдардағы жаманшылықтарыңызды жақсылықтарға ауыстырып береді Алла. Әлбетте, егер тәубе еткен болсаңыз.

Бүгіннен бастап тастаңыз темекіні бауырым!

Әлемдердің Раббысы Алла тағала жәрдем берсін сізге! Алла үшін жасаған жақсылықтарыңызды арттырсын!