Рамазан - мейірім айы!

gallery/1435337774_facebook
gallery/1435337799_twitter
gallery/logo 3

Құрметті, бауырым! Бүгін жасайтын амалымызға Аллаһ тағала ұлы сый мен сауап әзірлеген. Ал, егер оны өмірімізде жасамаған болсақ, онда Аллаһ тағала ол адамды өз жанында қылмыскер деп танып, үлкен күнә жасаған деп жазады амал дәптеріңізге.

Бұл ізгі амал Аллаһтың «Рахман» есімімен байланысқан. Егер білген болсақ, «Рахман» Аллаһтың Ұлы есімдерінен. Тіпті, Әлемдердің Раббысы осы атаумен Құранда толықтай бір сүре түсірді.

Раббымыз осы Ұлы есімімен байланысты етіп «рахим», яғни туысқандықты жаратты. «Рахим» дегеніміз адам баласының туысқандары, бауырлары. Егер кімде-кім туған-туыстарымен, бауырларымен байланысын жақсартатын болса, Аллаһ тағала да ол құлымен байланысын нығайтады. Ал, кім туғандарымен қарым-қатынасын үзер болса, Раббымыз Аллаһ ол құлынан рақымын үзеді. Яғни, ол құлға Аллаһтың мейірімі түспейді, қашан ол құлы туғандарымен қатынасын жақсартпайынша. Сондықтан да, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Егер кім туғандарымен байланысып тұрса, Аллаһпен байланысы түзеледі. Кім байланысын үзсе, Аллаһ онымен мейірімін үзеді», – деп ескерткен.

Бауырым! Кішкене ойланып, есіңе алшы. Соңғы мәрте қай кезде бауырларыңызды зиярат еттіңіз. Мәселен, әкеңіздің ағасы немесе інісі Сіздің бауыр ағаңыз. Әкеңіздің орнына әкелік қамқорлығын аямайтын жандар ол кісілер. Ойланып көрші бауырым! Қанша уақыт болды ағаңызға зиярат етпегелі немесе телефон соғып сөйлеспегелі.

Сол ағаңыз Сен дүние есігін ашқан сәтте қалайша қуанды дейсіз?! Кіп-кішкентай болып жөргекте жатқан сәтіңде қанша мәрте сені көтеріп, еркелетіп, құлап қалсаң жұбатты емес пе?

Бауырым! Нағашы ағаң немесе нағашы әпкең бар ма? Нағашыңа жақсылық жасасаң, анаңа жақсылық жасаған боласың. Ойланшы! Соңғы мәрте қай кезде зиярат еттің оларды, қай кезде телефон соқтың немесе хат жаздың нағашыларыңа? Әлі бармадың ба? Енді қай кезде баруды жоспарлап отырсың, бауырым?!

Осы сәтте біреулеріңіз айтуларыңыз мүмкін – бауырларымнан немесе нағашыларымнан маған келіп-кетер хайыр мен жақсылық жоқ. Олар үнемі мені сөздерімен түйреп, барғанымды жақтырмайды, – деп. Бауырым! Оларға зиярат еткеніңде жақсылықты, сауапты олардан күтемісің?! Жооқ! Оларға жасалған әрбір жақсылығың тек қана Аллаһ тағаланың разылығын көздеуі міндет.

Жалпы, зиярат ету немесе байланысу дегеніміз не? Ол егер туысың сізге келмесе, сіздің оған баруыңыз, егер ол сізге жақсылық жасамаса сіздің оған жақсылық жасауыңыз. Міне, осы Аллаһтың алдындағы туысқандық қарым-қатынасты үзбеген деген дәрежеге жеткізетін амал. Ал, олар сізге жақсылық жасағаннан кейінгі сіз тараптан жасалатын жақсылығыңыз міндет болады.

Қасиетті Рамазан айының берекелі түндерінде немесе күндізгі сәттерінде ниетіңді жөндеп Аллаһ тағаланың разылығы үшін ағамды, әпкемді, нағашы ағамды, нағашы әпкемді зиярат етемін деп отбасыңызды алып шығыңыз, бүгін! Міне, ниетіңіз Әлемдердің Раббысының Дидары мен разылығы болса, осы жасаған амалыңыздың ләззатын сезетін боласыз.

Қасиетті Құранда «Ра’д» сүресінің 21-аятында: «Олар, Алланың жалғастырылуын әмір еткен нәрсесін жалғастырып, Раббыларынан қорқа отырып, есебінің жаман болуынан қауіптенгендер», – деп ескерткен.

Ойланшы бауырым! Егер Аллаһтың пәрмені жетіп, дүниеден өтер болсаң денеңді жуып, арулап ахиреттік орныңа аттандырар кім? Әлбетте, туысқандарың емес пе? Сені есіне алып, хайыр-жақсылықтар жасап тұрар кім? Тағы да сол бауырларың емес пе? Олай болса, азғантай дүниелік істеріңді тоқтатып, ақылға салып ойланшы. Абдуллаһ ибн Амр ибн Әл-Астан (р.а.) жеткен хадисте: «Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Туыстық қатынасты шынайы түрде берік ұстанған адам – жақыны көрсеткен туыстықтың қарымын дәл солай қайтарушы адам емес, керісінше, туыстары арадағы қатынасты доғарса да, олармен байланысын үзбеген адам», – деп айтты» – делінген.

Құрметті бауырым! Туысқандық қарым-қатынасты жалғау үшін жасалған әрбір қадамыңызға Аллаһ тағала ұлы сауаптардан жазатынын есіңнен шығарма. Күнің берекелі өтсін! Жасаған игі амалың үшін Раббымыз жәннат сарайларын сыйласын.

Басқан қадамың үшін күнәларың кешіріліп, Жәннатта сарай салынуын қалайсың ба?

Екінші күннің амалы:

gallery/18-2