Рамазан - мейірім айы!

gallery/1435337774_facebook
gallery/1435337799_twitter
gallery/logo 3

АМАЛ 1

Бүгінгі атқаратын амалымыз туралы тақырып өте маңызды. Бұл жыл бойы үздіксіз атқарылуы тиіс амалдардан. Бірақ, бүгін оны кішкене жақсырақ етіп жасауға, маңыздылық беруге ұмтыламыз. Ислам діні негіздерінің бір тармағы – ата-анаға жақсылық жасау. Бұл көркем мінездің ең биігі. Ол Алла тағала Өзінің Жалғыздығынан кейінгі екінші орынға қойған өсиеті.

Мүмкін осы тұста сіздер: «Мен жылдың әрбір күні мен түні ата-анама жақсылық жасаудамын ғой», – деп айтуларыңыз мүмкін. Дұрыс! Біз оған күмәнданбаймыз. Бірақ бүгін сол жасалып жатқан жақсылығыңызды кішкене арттырып жасаңыз.

Ана! Жер бетін қанша шарласаңыз да өз анаңыздай мейірбанды таппайсыз. Ауырлықтан еңкейіп, шаштары ағарып, денелері әлсіреді, кім үшін? Әрине, мына сіз үшін! Сондай-ақ, таңның атысы, күннің батысы маңдайы терлеп еңбек етіп, қажып-шаршаған, шаштары сиреп ағарған әкеңіздің осы күйге жетуі кім үшін еді? Әлбетте, сіз үшін! Анаңыз бен әкеңіз! Осы екі құрметті жандар үшін бүгін не істеуге болады?

Егер олар сізден бөлек тұрса міндетті түрде оларға зиярат жасап, хал-ахуалдарын біліп қайтыңыз.

Ол екеуіне сыйлық алу туралы ойландыңыз ба?! Егер ойланбаған болсаңыз, дереу шешім қабылдап арнайы анаңыз үшін, арнайы әкеңіз үшін сыйлық алыңыз. Сонан соң, ата-анаңызбен жолыққан сәтте олар сізден сұрауы мүмкін: «Балам, мына сыйлықтар не үшін?» – деп. Сол кезде сіз айтыңыз: «Құрметті, әкешім! Құрметті, анашым! Бұдан былай әр жылы Рамазан айында сіздерге осындай керемет сыйлықтар жасап тұрамын», – деңіз.

Ал, егер анаңыз немесе әкеңіз сіз тұрған қаладан басқа жақта болса оларға қоңырау шалу туралы ойладыңыз ба?! Егер ойланбаған болсаңыз, дереу қоңырау шалыңыз. Басқа күндері 5 минут қана сөйлесетін болсаңыз, бүгін ұзартыңыз. Тіпті, 20 минут, жарты сағатқа дейін сөйлесіңіз.

Бауырым! Егер ата-анаңыз немесе ол екеуінің бірі дүиеден озып кеткен болса, қабірін зиярат ету туралы ойландыңыз ба?! Қабірлерін дереу зиярат етіңіз. Бүгін әлбетте! Немесе түнде тұрып, сізге деген махаббаттары мен жақсылықтарын аямай дүниеден өткен ата-анаңыз үшін ұйқыңыздан оянып, екі рәкәат намаз оқып, олар үшін дұға жасаңыз. Немесе Алла берген ризығыңыздан сауабының сол кісілерге жетуін үміт ете отырып садақа беріңіз.

Қандай болса да жақсылықтарды атқарыңыз ата-анаңызға.

Ал, ата-анасын ренжіткен адамдар туралы мүлдем сөз қозғау қиын.

Бауырым! Бүгін кешті батырмаңыз ата-анаңызға жақсылық жасамай. Ертеңгі таңды атырмаңыз ата-анаңызды разы қылмай. Бұл өте маңызды. Бүгін ата-анаңызды разы ететін күн. Алла тағала Қасиетті Құранның «Исра» сүресінің 24-25 аяттарында:

وَقَضَىٰ رَبُّكَ أَلَّا تَعْبُدُوا إِلَّا إِيَّاهُ وَبِالْوَالِدَيْنِ إِحْسَانًا  إِمَّا يَبْلُغَنَّ عِنْدَكَ الْكِبَرَ أَحَدُهُمَا أَوْ كِلَاهُمَا فَلَا تَقُلْ لَهُمَا أُفٍّ وَلَا تَنْهَرْهُمَا وَقُلْ لَهُمَا قَوْلًا كَرِيمًا وَاخْفِضْ لَهُمَا جَنَاحَ الذُّلِّ مِنَ الرَّحْمَةِ وَقُلْ رَبِّ ارْحَمْهُمَا كَمَا رَبَّيَانِي صَغِيرًا

«Раббың бір Өзіне ғана құлшылық етуді, ата-анаға барынша жақсылық жасауды үкім етті. Егер олардың біреуі немесе екеуі бірдей қолыңда қартайса, (оларды ауырсынып немесе жақтырмаған сыңай танытып), тіпті: «Түу», – деп те кеюші болма, сондай-ақ оларға зекіп ұрыспа! Керісінше, оларға жанға жағымды жылы сөз айт!

Олардың алдында барынша мейірімді, мейлінше кішіпейіл әрі тіл алғыш бол! Һәм олар үшін: «Уа, Раббым! Олар мені бала күнімде қалай мәпелеп өсірген болса, Сен де оларды дәл солай мейіріміңе бөлей гөр!» – деп дұға ет», – деп бұйырған.

Иә, біреулеріңіз айтуларыңыз мүмкін, – Ата-анам меніздері қатал жандар, олардың алдында бұлай жасай алмаймын, – деп. Бауырым! Бұл Рамазан айы. Азғырушы шайтандардың барлығы кісенде, рухани байлықтар арттырылған. Бұл сіздің зор мүмкіндігіңіз. Неге? Себебі, бұл айда тас секілді қатты жүректердің өзі жұмсарады. Әлбетте, Рахманның мейірімімен.

Бауырым! Көп ойланбаңыз. Отбасыңызды жаныңызға ертіңіз де ата-анаңызға зиярат жасаңыз. Қастарына отырып бірге ауыз ашыңыз. Тамақтарын жасап беріңіз. Тарауық намазынан келген соң аяқтарына массаж жасап беріңіз. Неге? Білесіз бе оның сауабын? Ардақты Алла елшісінің (с.ғ.с.) сөздерінде келтірілгендей Жәннат аналардың табандарының астында емес пе?!

Тағы біреулеріңіз айтуларыңыз мүмкін, егер осы бүгінгі күннің амалдарын кеш оқып қалсаңыздар: «Ой, бүгін кеш болып кетті. Оның үстіне көшелер қазір кептеліс», – деп. Бауырым! Алла разылығы үшін дәл бүгін ата-анамды зиярат етуім қажет деп шешім қабылдаңыз және Аллаға тәуекел етіңіз. Әлемдердің Раббысы жолыңызды баршасын жеңіл етеді, егер әлбетте – Ол қаласа!

Бауырым! Егер қалтаңыз қалың, қаражатыңыз қажылық өтеуге жетіп тұрса ата-анаңызды Рамазан айының Умрасына алып барыңыз. Бұл ең керемет сыйлардан. Неге? Себебі, Рамазан айындағы Умра Пайғамбарымызбен (с.ғ.с.) бірге жасалған қажылықтың сауабына тең. Ал, олар дүниеден озып кеткен болса, өзіңіз бәдәл[1] умрасын атқарсаңыз болады.

Қымбатты бауырым! Егер бүгін анаңыз разы болып күлімсіресе, әкеңіз разы болып күлімсіресе, сізден асқан бақытты адам бар ма?!

Білесіз бе, Ардақты Алла елшісі (с.ғ.с.) өзінің хадисінде: «Алланың разылығы ата-ананың разылығында, Алланың ашуы ата-ананың ашуында», – деп ескерткен еді. Міне, сіз бүгін Алланың сәттілігімен ата-анаңыздың сізге деген ризалығы мен күлімсіреп айтқан игі дұғасына ие болдыңыз. Алла жасаған амалыңызды қабыл етсін!

 

[1] Ата-анаңыздың атынан атқаруға болатын кіші немесе үлкен қажылық. Жалпы, біреудің тынан жасалатын қажылықты Бәдәл қажылық деп атайды.

Ата-анаңа жақсылық жасауға асық!

Бірінші күннің амалы:

gallery/839-honouring-parents-enters-paradise-and-disobeying-them-enters-the-fire-556-534x462