Рамазан - мейірім айы!

gallery/1435337774_facebook
gallery/1435337799_twitter
gallery/logo 3

Есепсіз сауаптарға бөлейтін Құранды оқуға асық!

Бесінші күннің амалы:

gallery/ömer-2

Бүгінгі сізбен бірге атқаратын амалымыз Әлемдердің Раббысынан келген оқылуы да, тыңдалуы да, ойлануы да құлшылыққа саналатын қасиетті Құран Кәрімді оқу. Иә, әлбетте Құранды күнделікті оқуымыз әрбіріміз үшін міндет, Ардақты Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сүннеті. Бірақ, бүгін шамаңыз келгенше күндегіден де асырып оқыңыз. Тек сіз ғана емес, отбасыңыздағы барлық мүшелер: әкеңіз, анаңыз, жұбайыңыз, балаңыз, бауырларыңыз баршасы бірге жиналсын. Бүкіл істерін бір сәтке тоқтатып, Алланың кітабын бірге оқыңыздар.

Бауырым! Жәй ғана оқи салу емес, қолыңызға парақ алып әрбір отбасы мүшесінің Құраннан қанша пара оқи алатындығын сұрап, тізімдеп жазыңыз. Неге? Себебі, дәл осы мақаланы оқыған сәттен бастап ертеңгі күнге осы сағатқа дейін қасиетті Құранды отбасы болып хатым етіп, толықтай оқып шығуларыңыз ұнамды.

Құрметті бауырым! Ойланшы! Соңғы мәрте қай кезде қасиетті Құранды хатым (толық оқыдыңыз) еттіңіз! Егер осы Рамазан айында хатым етпесеңіз, басқа қай айда оқисыз. Жиналыңыз, дүниелік істерді 1 күнге тастаңыз. Құран оқуға кедергі беретін барлық нәрселерді алыстатыңыз өздеріңізден. Мәселен, теледидар, компьютер, телефон, әлеуметтік желілер... Осының барлығы сіздің уақытыңызды дәл бүгінге дейін ұрлап келген. Енді оларға жол бермеңіз. Алла тағала Құранның «Фатыр» сүресінде, 29-аятында:

إِنَّ الَّذِينَ يَتْلُونَ كِتَابَ اللَّهِ وَأَقَامُوا الصَّلَاةَ وَأَنْفَقُوا مِمَّا رَزَقْنَاهُمْ سِرًّا وَعَلَانِيَةً يَرْجُونَ تِجَارَةً لَنْ تَبُورَ

«Расында, Алланың Кітабын лайықты түрде оқитын, намазды да кемеліне жеткізіп, үзбей әрі уақытылы оқитын сондай-ақ, өздеріне ризық-несібе ретінде берген нығметтеріміздің бір парасын ізгілік жолында жасырын әрі жария түрде жұмсайтындар, әсте, зиянға ұшырамайтын берекелі саудаға үміт арта алады».

Бауырым! Кішкене ой жүгіртіп көрші! Үлкен сарайдай үй. Әр бөлмесінде теледидар қойылған. Жиһаздарының барлығы соңғы үлгіде. Бірақ, өкінішке орай ол үйде ешкім Алланың кітабын қастерлемейді. Ал, олардай болмаса да, шағын сіздің үйіңіздің әрбір отбасы мүшелері бүкіл істерін тастап, Алланың кітабын оқып отыр. Қандай керемет бақыт! Қандай ғажап нығмет! Білесің бе бауырым, ол үйге төгілетін берекет есепсіз болады. Қанша періштелер ол үйді қоршап алады?! Тіпті, мәтіндерде келгендей періштелер бір-бірлеріне хабар беріп, сол береке түскен үйге қарай шақырысады. Көкіректегі білімді кеңейтер орын, құрметке бөленер орын – деген хабарлар тарайды олардың араларында.

Бауырым! Құран оқуды әдетке айналдыр. Сол нығметке бар күшіңмен жабыс. Не үшін? Білесің бе? Ардақты Алла елшісі (с.ғ.с.): «Құран оқыңдар, расында Қиямет күні Құран өзін оқығандарға шапағат етеді», – деп сүйіншілеген. Отбасыңыздың барлығына шапағат етеді, Құранның берекетімен.

Иә, бауырым! Дәл бүгінгі күнді Құран ең көп оқылатын күніңіз етіңіз. Ал ертеңнен бастап Алланың кітабын оқуға арнайы сағаттар бекітіп қойыңыз. Өздеріңізге кесте жасап алсаңыздар өте керемет болар еді. Сол кестеге осы Рамазан айында Құранды осыншама мәрте хатым етемін деп жазып, күнделікті қадағалап отырыңыз. Егер жұбайыңыз, балаларыңыз, ата-анаңыз үлгермей жатса күнделікті бөлінген беттерді оқуға, олардың соңдарынан қадағалап, не нәрсе кедергі беріп тұрғандығын сұраңыз. Біздің бүкіл өміріміз осылай болуы керек асылында. Себебі, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) хадисінде: «Көкірегінде Құраннан ешнәрсе болмаған адам, қирап қалған үй тәрізді», – деген. Сондай-ақ, ондай үйге шайтандар ұялайтындығын да хабарлаған.

Алла тағала қасиетті Құранның «Фурқан» сүресінің 30-аятында Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) Құранды оқудан, тыңдаудан бастартқандар туралы уайымын былай баяндайды:

وَقَالَ الرَّسُولُ يَا رَبِّ إِنَّ قَوْمِي اتَّخَذُوا هَذَا الْقُرْآنَ مَهْجُورًا

«Сол күні Алла елшісі де: «Уа, Раббым! Расында, қауымым бұл Құранды мүлдем тәрк қылды», – деп айтады».

Бауырым! Осы шағымның ішіне біз де кіріп кетпесіміз үшін шамамыздың келгенінше Құранмен бірге өмір сүрушілерден болайық. Құранмен бірге өмір сүретіндер Алласымен бірге болатындар (дүние және ақыретте).

Сонымен, бүгінгі амалымыз бауырым, Құранды өте көп оқу. Асығыңыз! Осы мәтінді оқып болғаннан кейін басқа дүниелік жұмыстарға асығып кетіп қалмаңыз, тез қалам мен қағаз алып жоспар сызыңыз. Егер үйіңізде ешкім қасиетті Құранды түпнұсқасынан, яғни арабшасынан оқи алмайтын болса, өздеріңізге ыңғайлы тілдегі мағыналық аудармасын оқып шығуды бастаңыздар.

Алла сізді және сіздің отбасыңызды берекесіне бөлесін! Құранмен бірге өмір сүретін отбасылардан болуларыңызды нәсіп етсін! Құран арқылы жәннаттағы дәрежелеріңіз көтерілсін.