Рамазан - мейірім айы!

gallery/1435337774_facebook
gallery/1435337799_twitter
gallery/logo 3

Алла тағаланың дініне шақыруға асық!

Алтыншы күннің амалы:

gallery/txzt70onixw

Құрметті бауырым! Раббымызға жақындататын ұлы амалдардың бірі – Алланың дініне шақыру. Бір сәтке болсын елестетіп көрші, сен дәл осы сәтте пайғамбарлар мен елшілердің жолындасың. Бұл жол – ұлы жол! Адамзаттың ең абзалы пайғамбарлар болса, Алла тағала оларға ең абзал міндетті жүктеді. Алла дініне шақыру міндеті. Біз де осы істі бүгін атқарып көрейік.

Алла тағала Құранның «әл-Әнъәм» сүресінде:

 أُولَـٰئِكَ الَّذِينَ هَدَى اللَّهُ ۖ فَبِهُدَاهُمُ اقْتَدِهْ

«Міне солар, Алланың тура жолға салғандары (пайғамбарлары). (Мұхаммед ﷺ) онда олардың жолын қу»[1].

Сүйікті пайғамбарымызға үммет болғанымыз үшін ол кісінің жолымен жүруге біз бұйырылғанбыз. Басқа бір аятында:

قُلْ هَـٰذِهِ سَبِيلِي أَدْعُو إِلَى اللَّهِ ۚ عَلَىٰ بَصِيرَةٍ أَنَا وَمَنِ اتَّبَعَنِي ۖ وَسُبْحَانَ اللَّهِ وَمَا أَنَا مِنَ الْمُشْرِكِينَ

 

(Ей, Мұхаммед ﷺ) «Айт: «Менің жолым осы. Алла жаққа шақырамын. Мен және маған ергендер, ашық дәлел үстінде. Алланы пәктеймін. Сондай-ақ, серік қатушылардан емеспін», – деп»[2].

Асылы, Алла жолына, Алла дініне шақырудан артық міндет бар ма бұл дүниеде?! Патша сізге: «Маған келетін қонақтарды шақыру міндетін саған жүктеймін», – десе. Қандай сезімде боласың? Патшаның өзі сені алдына шақырып алып, сол маңызды істі жүктесе. Демек, сенің патша алдындағы орның ерекше деген сөз. Ойлашы, патшаның қонақтарын шақыру ісі саған жүктелсе. Не деген абырой ол?! Ал енді патшалардың Патшасы – Алла тағала дініне шақыруды елестет. Одан асқан бақыт бар ма?! Әлемдердің Раббысының жолына шақыру міндеті саған жүктелсе.

Әлемде шамамен 7 миллиард адам өмір сүрсе, соның 1,5 миллиарды ғана мұсылман. 5,5 миллиарды мұсылман емес. Отбасыңда қанша намазхан бар? Әке-шешең, әпкең, ағаң, інің, нағашыларың, көкелерің 5 уақыт намаз оқи ма? Неге? Осы сұраққа ойландың ба? Бәлкім Алла тағала отбасыңның арасынан сені таңдаған шығар. Осы сауапты саған жазып жібергісі келетін шығар. Ал сен не істеп жүрсің?! Күніңнің тезірек өтіп кетіп, ауызашарға жетсем болды деген арманың ба? Жоқ, қателеспе, бауырым! Рамазан айын Алла тағала сауапты істерге толтырсын деп берген. Уақыт өткізу үшін бермеген. Сен атқара алатын қаншама сауапты, салихалы амалдарды жасауға мүмкіндік берді. Келесі Рамазанға жетеріңе кім кепіл?! 

Әлеуметтік желідегі туған-туысқандарыңа насихат айт. Жақсы сөз сөйле, жұмсақ сөйле, даналықпен жеткіз. Болмашы нәрселерді жібере бергенше Алла дініне шақыр. Қияметте таразыда ауыр тартатын амалдарды көптеп жасап қал! Ертең екінші мүмкіндік берілмейді. Осы сәтіңді пайдалан! Рамазан айын сауапқа толы ай қыл. Ол сенің қолыңда Алла жолындағы бауырым!

فَذَكِّرْ إِنَّمَا أَنتَ مُذَكِّرٌ ﴿٢١﴾ لَّسْتَ عَلَيْهِم بِمُصَيْطِرٍ 

«(Мұхаммед ﷺ) «Ал енді насихат ет; негізінен сен бір насихатшысың. Сен оларды зорлаушы емессің»[3].

Бүгінгі күніңді бір адамға болсын насихат айтып, игі амалмен көрсет. Көрсет Раббыңның оларға қандай керемет нәрсенің қалайтынын. Алла жолына, дініне шақыру ісінің пайдалары өте көп. Соның ең маңызды үшеуіне тоқталсақ:

Бірі – Қияметтің күні Алла тағала сенен сұрайды «Менің дінімді жеткіздің бе?» – деп. Сол кезде сенде Алла тағалаға айтар жауабыңыз болады.
Екіншісі – сенің себебіңмен бір адам дінге кіріп, намаз оқып кетсе, бұл сен үшін бүтін дүние мен оның ішіндегі барлық байлығынан да артық болады.
Үшіншісі – Мінезің мен қарым-қатынасыңа абай бол, себебі олар – діннің негізгі насихатшылары.

Олай болса, иманды жан! Осы сәттен бастап сен сезініп жүрген бақытты туған-туысың, бауырларың, жақындарың және өзгелер де сезінсін десең, онда Алла жолына шақыр! Кешіктірме! Бүгінгі күніңді соған арна!

 

[1] «әл-Әнъәм» сүресі, 90-аят
[2] «Юсуф» сүресі, 108-аят
[3] «әл-Ғашия» сүресі, 21,22-аяттар